31.05.2019, 18:08
Оқылды: 115

Қаратөбеліктер өлкетанушы Қайыржан Хасановты еске алды

Қаратөбе ауданында өңірге кеңінен танымал өлкетанушы, журналист, шежіреші, ақын, прозаик, жазушы Қайыржан Хасановты еске алуға арналған «Тарихты сөйлеткен тау-тұлға» атты кеш өтті.

Бар саналы ғұмырында қолынан қаламы түспеген Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атанып, ұдайы ізденіс арқасында абырой биігінен көріне білген ардақты азамат Қайыржан Төлегенұлы өмірден озғанына тура бір жыл уақыт өтті.

Кеште алдымен «Туған жердің ардақты азаматы» тақырыбында Қайыржан ағаның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы көрме жұмысы таныстырылды.

Туған өлкенің өткенін жаңғыртып, тұлғаларын танытқан Қайыржан Хасанов туралы бейнекөрсетіліммен басталды.

Шарада алғаш сөз кезегін алған аудан әкімі Жанат Асантаев:

khasanov (2)

– Қайыржан ағамыз ой түбінде, жүрек түкпірінде жатқан жоқты іздеу, танымал тұлғалардың атын шығарып, елге, халыққа пайдасы тиген өнегелі өмір иелері жайындағы кітаптары мен мақалалары арқасында аудан тарихы мен шежіресінің түгенделуіне зор үлес қосты.

Қайыржан аға ізденісімен елдің ерекше ықыласына, замандастары мен оқырмандарының құрметіне ие болды. Кішіпейіл, жанашырлығымен жерлестеріне сыйлы болған ағаның шығармашылығы өскелең ұрпаққа үлгі.

Елеулі еңбегімен қатар саналы ұрпақ тәрбиелеген Қайыржан ағамыздың ұлдары түрлі салада жемісті еңбек етуде.

Өнегелі әке Қайыржан ағаның тәрбиесін алып, туған жерге деген махабатты бойларына сіңіре білген, елжанды азаматтар Ержан мен Нұржан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымыздың гүлденуіне үлестерін қосып келеді.

Соңына өшпестей мол мұра қалдырған ардақты жанның шығармашылығын жастарға дәріптеп жеткізу біздің міндетіміз болып қала бермек, - деді.

khasanov (3)

Кеш барысында сөз сөйлеген ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, ҚР ақпарат саласының үздігі, ақын Ертай Бимұханов, ізбасар інісі, белгілі журналист Нұртас Сафуллин өлкетанушы Қ.Хасанов туралы естеліктерімен бөлісіп, ғибратты ғұмыр иесінің шығармашылығы жайында сыр шертті.

Өнегелі өмір иесіне арналған кеште Қайыржан ағаның қаламынан туған өлеңдері оқылып, ақынның зайыбы Рысты апайға арнаған «Жан жарым» әнін Толқын Қуаншалиева орындаса,  «Кешір мені» әнін Мереке Сағидуллин шырқады.

Кеш соңында асыл азаматтың ұлы Ғабит Хасанов сөз сөйлеп, еске алу кешінің өтуіне ұйытқы болған азаматтарға алғыс білдіріп, әке мұрасын жалғастыруда тағылымды жұмыстар жалғаса беретіндігін жеткізді.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы,

zhaikpress.kz

khasanov (4) khasanov (5) khasanov (6)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале