20.08.2018, 16:24
Оқылды: 20

Қаратөбеліктердің «Астанаға сәлемі»

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Астана қаласының 20 жылдығына орай Қаратөбе ауданы өнерпаздарының «Астанаға сәлем!» атты дәстүрлі ауданаралық фестивалі жалғасын тапты.

Ашық аспан астында өткен мерекелік кештің шымылдығы «Керім-ай» халықтық би ансамблінің «Рухани жаңғыру» биімен ашылды.  Бисенғалиевалар жанұясы «Астана», Альфия Исламова «Елімнің жүрегі – Астана» әнін тарту етті.
Сазды кеште Мұхит пен Ғарифолла әндерінен жерлестеріміз халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Мереке Есқайыров, Армат, Нұршат Исламғалиевтар дəстүрлі əндерден шеруін жасады. Сондай-ақ балғын әнші Айзат Сағызбайдың «Қаратөбе баласымын», халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Рүстем Ақташевтың «Туған елім», Рысгүл Жұмағалиеваның «Любовь настала», жерлесіміз, «Астана мюзикл» театрының әртісі, жас әнші Армат Амандықтың «Отан», «Қазақ қыздары», Кенжегүл Мәлдуованың «Елім-ай» әндері жиылған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Көрермендер мың бұралған бишілер Ақтілек, Айнара Мұхтаровалардың «Көктем», «Шах» би тобының «Болливуд», «Фэлленгуд», «Керім-ай» халықтық би ансамблінің «Қазақ» билерін ерекше ықыласпен тамашалады.
Кеш барысында «Ауыл әуендері» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауында Дәулеткерейдің күйі «Көреғұлыны», ансамбльдің сүйемелдеуімен Аяжан Исмағұлова «Әгугай домбыра» әнін шырқаса, Қарашаш Қойшиева, Гүлайым Қайырғалиевалар «Деспасито»  композициясын орындады. Әдемі кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале