7.08.2020, 17:22
Оқылды: 116

Қараусыз мал қалтаны қақпасын

Мал шаруашылығы – жұмыспен қамту тетігі және табыс көзі.  Қазақта «Бақпасаң мал кетеді» деген тәмсіл бар. Соңғы жылдары аудан-ауылдарда бағымсыз жүрген малды жиі байқаймыз. Әрине, бұл қой емес, мүйізді ірі қара. Бақташысы жоқ малдың қашанда «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетері анық. Бүгінде Бәйтерек ауданы Переметный ауылдық округінде ірі қараны бағу төрт бағыт бойынша ұйымдастырылған.

7437A26D-C643-4B9D-B457-7DC65F5ED0DC

Мұндағы мал басына төленер ақы 2000 теңге. Бұл, әрине, кейбір отбасына ауыр соғуы да мүмкін. Қош сонымен біз көтерер мәселе бұл емес, малын бақташыға қосқанымен оны дер кезінде қарсылап алмау не малды уақтылы бақташы алдына салып бермеу. Сонымен қатар қараңғылық түскенмен малдарын қамамайтын жандар да кездесіп жатады екен. Әлбетте қараусыз малдың көше ортасындағы саябақтар мен күре жолдың бойына жайылары сөзсіз.

-Бізге көшеде жүрген қараусыз мал туралы мәлімет түссе, оны арнайы мал қамайтын айыппұл тұрағына қаматамыз. Кейін ірі қараның құлағындағы сырғасы арқылы кімге тиесілі екендігін анықтаймыз. Ол үшін сырғасының нөмірін аудандық ветеринарлық станса мамандарына жіберіледі. Олар дерекқордан малдың иесі кім екенін тауып береді. Біз ол адамның мекенжайын анықтап, учаскелік полицияға қатынас қағаз жолдаймыз. Бұдан кейінгі іспен полицейлер айналысады, - дейді ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мирасбек Төрешов.

Мирасбек Берікқалиұлының айтуынша, кейбір айыппұл тұрағына қамалған малдардың сырғаларының болмауы мал иесін анықтауда қиындық тудыратын көрінеді. Қамаулы тұрған малын иелері іздеп келеді екен. Ондай жағдайда ветеринария мамандары малын есепке қоймағаны үшін иесіне ескерту бермек.

-Малдарын қараусыз қалдырған жандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша ескерту хаттама беріледі. Бүгінгі таңда өткен ай мен үстіміздегі ай бойынша осындай тоғыз хаттама толтырылды. Толтыру барысында мал иелеріне түлігін қараусыз жіберудің соңы неге соқтыратыны түсіндіріліп, ескертілді. Енді мал тағы қайталап, қараусыз жүрсе, онда үш айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлейтін болады. Бұл дегеніңіз - 8334 теңге. Ондай жағдайда айыппұл төлегені туралы түбіртекті бізге көрсетуі қажет, - дейді аудандық учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рустам Суханбердин.

Осындай шара қолдануға ауыл тұрғындарының бағып отырған малдарына дұрыс қарамай, емін-еркін жібере салғандары себеп болып отыр. Бүгінде ескерту беру өз нәтижесін беруде. Инспектордың айтуынша, қазіргі таңда қараусыз мал туралы шағым толастады. Біз осы орайда тұрғындар пікірін білгенді де жөн санадық.

-Біз малымызды әдейі қараусыз қалдырмаймыз ғой. Бірде жұмысымыз болып кешеуілдеп қаламыз. Кейде мал ерте келіп қояды. Осындай уақыттарда ірі-қара бізді күтіп тұрсын ба, жайылып кетіп жатады, - дейді ауыл тұрғындары.

-Кешкілік малдарын сауып алып қайта шығарып жіберетін жандар да бар. Ол туралы мәлімет түскен бойда қоғамдық жұмыстағы жандар апарып арнайы орынға қамайды. Соңғы кездері полициямен бірлесіп жұмыс жасаудың арқасында қараусыз малдар толастады, - дейді Мирасбек Төрешов.

Малды қараусыз қалдырып, айыппұл арқалағаннан гөрі көзден таса етпей, «несібе-ризығым» деп қараған жөн болар. Өйткені «Малым – жанымның садағасы» деген нақыл бар. Оның астарында ішсең тамағың, кисең киімің деген ұғымның жатқанын ұғыну қиын болмас. Ендеше, сіз қараусыз қалдырған малыңыз қалтаңызды қақпасын.

Нұрлыбек Мұхамбетияров,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале