3.08.2020, 17:39
Оқылды: 338

Кәрі қыз бен сүрбойдақ, жүре береді кімді ойлап?

Бүгінде «отырған қыз», «сүрбойдақ» деген атқа ие оң жақта отырған күлімкөздеріміз бен отызды алқымдаған жігіттердің қарасы күн санап артуда. Қазір «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген желеуді алға тартып, жігіттер отбасын құруға, ал қыздар тұрмысқа шығуға әсте асығар емес. Қыздар жағы еркіндігінен, мүмкіндігінен айырылып қалудан, карьерасы тоқтап қалудан, таңдағаны «таз» болып шығудан, қатал ененің қабағынан, күнде келетін қонақтың тамағынан, жалғыздығы мен тыныштығын бұзатын баладан, тағы басқа толып жатқан нәрселерден қорқады ма деп ойлайсың. Айтқымыз келгені, бүгінгінің ең өзекті мәселесі болған отау құрайын десе, орнын таппай жүрген қыздар мен серілер туралы болмақ. Көпке топырақ шашу мақсатымыз емес. Десек те статистика агенттігінің 2009 жылы жүргізген санағы барысында Қазақстанда жасы 30-дан асса да, отбасын құрмаған 798 000 азамат анықталыпты. Содан бері бұл сан өспесе кеміген емес. Бұл алаңдатарлық жағдай.

06CA294F-1F4B-4645-A1A5-39DF9663339C

«Ерте үйленген қартайғанда қуанады» деген қазақта жақсы сөз бар. Алайда аталы сөз соңғы уақытта қазақ жастары арасында мағынасын жоғалтқандай. Серілікпен сайран құрған жігіттеріміз бен жастық шақта ойнап-күлген аруларымыздың басына қартайғанда жалғыздықтың азабын тартатыны кіріп те шықпайды. Олар өздерінің ғана емес ұлттың табиғи өсуіне зиян келтіруде. Жастары егде тартқанда отбасын құру ойға оралып, отау тігеді. Ол кезде көпшілігінде балалы болу мүмкіндігі де азаяды. Амалсыз, асырап алады. Одан ұлттың саны өсе ме?

C8AB823C-0ED5-43BD-A199-2D8BA4740314

Адамзаттың басты міндеті - отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Қазақ халқы қандай қиыншылық болса да ең бірінші баласын отау құрғызып, үйлендіруге асыққан. Асылында, адамның басты құндылығы да осы болса керек. «Қыз өссе - елдің көркі», «Жақсы қыз - аспандағы жұлдыз» деп қызға ерекше көңіл бөлген, оған құрмет көрсеткен, аялап, үкілеп өсірген. Сонымен қатар оның жатжұрттық екенін де еске салып «Қызға қырық үйден тыйым» деп оның болашақ ана екенін, бір үйдің түтінін түтететін келін болатынын үнемі ескеріп отырған. Бүгінгі қазақ қызы өзіне тән нәзіктігімен қатар білімді, сымбатты, инабатты болуға тырысады. Әрқайсысының болашаққа қойған  мақсаты шексіз.  Сайып келгенде, сол армандардың ұштасатын жері тұрмысқа шығу. Қай бойжеткен сүйікті жар, аяулы ана болуды армандамайды дейсіз?! Бірақ уақыт озған сайын заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, қазір үйлену мен тұрмыс құру қиынның қиыны болып барады. Әйтсе де, өмір бар керегіңді тауып алатын жәрмеңке емес екені анық. Осы орайда, тұрмыс құрмаған «кәрі қыздардың» бірі жігіт жоқ деп ақталса, бірі ақбоз ат мінген ханзадасын күтіп жүргендерін айтады. Ал жігіттерден «Қашан үйленесің?» деп сұрасаң «қыз жоқ» немесе «бір сенбіде үйленермін» деген сөзді жиі естиміз. Қазақ елінде басы бос жігіт, басы бос қыз қалмаған ба деген ойға қаласың.

Ерлер мен әйелдер қауымының арасында пәк сезім  мен сүйіспеншілік бар болғанымен, бірнеше жыл бойы кездескен жігіт пен қыз арасында үйленуге құлық жоқ. «Жігіттер отбасылық қым-қуыт өмірден қорқа ма? Жауапкершілік артқысы келмей ме? Әлде бұған өз келісімін бермейтін қыздар кінәлі ме?» деген сан алуан сұрақтың астына қаласың. Бүгінде қыздардың көпшілігі қиялдарында ертегі әлеміндегідей керемет жанұяның образын жасап алған. Отбасын құрып, дүниеге бала әкеліп, үйде отыруды емес, өзін-өзі жетілдіруді мақсат тұтады. Кемшілікке толы пенде екенімізді ескерместен, мінсіз жігітті іздейді. Яғни жігіттің көлігі, жоғары білімі, баспанасы болуы қажет деген көзқарастағы қыздар қаншама десеңізші… Мектепті бітірген қыз-жігіттер 4 жылын университет қабырғасында өткізеді. Себебі бүгінгі таңда «Білімсіздің күні – қараң». Көбі бірнеше жылын оқуға арнап, университетті 21-22 жастарыңда тәмамдаған соң, одан әрі жұмысқа орналасудың жолын іздейді. Жастардың жұмысқа орналасқаннан кейінгі арманы көлік міну, пәтер алу, материалдық жағдайды жақсарту. Болашақ жарының миы мен қалтасындағы ақшасы өзіне сай келуі керек. Материалдық жағдайды түзеймін дегенше уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай да қалады. Қарапайым қыздар да бақуатты жігітті құрығына түсіріп, балқып-шалқып өмір сүргісі келеді. Ал махаббат ше? Сонда адам бойындағы асыл қасиеттер сезім, адамгершілік, сыйластық қайда қалады? Мүмкін, қазіргі қоғамдағы түсінік соған саятын болар. Бірақ, есептің де түр-түрі бар екенін естен шығармайық. Бұл мәселе тек бойжеткендерге ғана қатысты десек қателесеміз. Жігіттер жағы да қазір есепке жүйрік. Қалталы қызға үйленіп, дайын үйге кіріп алғанды құп көреді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен осындай мақсатты көздегендерді жиі ұшыратамыз. Ал сезім болмаған жерде бақытты отбасын құру мүмкін бе?

Қазіргі таңда батыстық стандарт пен батыстық мәдениеттің әсер етуінен отбасын құру жоспарлары біршама өзгерген. Қызмет құрығына түсіп, «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деп пәлсапа соғып, жұмысқа деген адалдығы мен белсенділігінің арқасында зейнет жасына дейін тұрмыс құрмай өтетіндері де кездеседі. Еліміздің кей аймақтарында ағасы үйленбей інісін үйлендірмеуі, сол сияқты әпкесі тұрмыс құрмаған болса, сіңлілерін ұзатпайтын түсінік те қалыптасқан. Кейбір ата-аналар балаларына «Сені оқыттық, енді алған біліміңмен жұмыс жасауың керек, тұрмысқа шықсаң жұмыс жайына қалады» деп қыздардың жолын байлайтыны тағы бар. Осының бәрі түптеп келгенде қыз балалардың отбасын құруға құлықсыздық танытуына себепкер болуы да әбден мүмкін. Осылайша, «Қыз мұраты - оқу, одан кейін табысқа жету, кейін өз теңіне тұрмысқа шығу» деген қағидаға өзгереді. Бойжеткендер де өз баспанасының, көлігінің болғанын құп көреді де, баспаналы болуға талпыныс жасайды. Бұған қарап қыздардың жігіттерге тәуелді болмауға ұмтылатынын, азаматтарға сеніммен қарамайтындығын байқауға болатын тәрізді. Біздің ауданда да Баянсұлу Қозыкөрпешін таба алмай жүргендер қаншама?! Жалпы, адамзат баласының «Мен ешкімге тәуелді емеспін, еркексіз, немесе әйелсіз өмір сүре аламын» деуі жалған пікір. Алла Тағала барлық жаратылыс иесін жұп-жұбымен жаратқан. Әркім өз жұбымен жарасымды. Сондықтан еркек әйелсіз, әйел еркексіз ғұмыр кеше алмайды. Бұл Жаратқан жаратылыстың заңдылығы. Кейбір қыздардың қиялындағы жігіттің көлігі, мол табысы, үй-жайы бар, бәріне бірдей Ален Делонды қайдан табасың. Кейбіріңе өзіміздің тракторист Қошқарбайдың баласы да жарап жатыр. Бірақ, бұл бүгінгі бойжеткеннің бірінші бұйымтайы болып тұрғандай. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мансап пен байлықты қуып жүре бермей, уақытында жасалған ұсынысты ұтымды пайдалана білген абзал.

Сөз соңы

Бір-бірін шын сүйіп қосылған жандар қашанда барға да, жоққа да қанағат ете біледі. Ал шынайы сезімсіз құрылған шаңырақта ұрыс-керіс пен түсініспеушілік жиі орын алады. Бүгінде бәрі бар, бірақ махаббат жоқ. Қаракөздеріміз бен сүрбойдақтарымыз уақытша байлыққа қызығып, соңында бармақ тістеп қалмаса екен дейміз.

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 Ұмсынай Нұрғалиева, алтын құрсақты ана:

- «Өлiмнен ұят күштi» деп өскен бiздiң кезiмiзде «кәрi қыз» деген атымен жоқ едi. Жесiрдiң жалғыздығы жанға батқаны сонша, жыл өтiсiмен әмеңгерлiкпен қайын інілерінің бiрiне қосатын. Қазiр ай десе аузы, күн десе көзi бар қыздардың өзi оң босағада отырып қалып жатыр. Бiрi оқимын деп жүрiп қалса, ендi бiрi жұмыс iстейiн, ата-анама пайдам тисiн деп жүрiп, жасы бiразға келiп қалғанын байқамай да қалады. Ал сосын ақыл тоқтатып қалған қызға екiнiң бiрiнiң ұнай қоюы екiталай. Кәрi қыз кiнәмшiл келетiндiктен бе, олар кез келген азаматтың етегiнен ұстап кете бермейдi. Таңдайды. Сөйтiп жүрiп уақыт өткiзiп алады. Мен 8 құрсақ көтерген анамын. Қазір келіндеріме, қыздарыма үйленем деген ұлдың, орынын табам деген қыздың жолын бөгемеңдер деп ақылымды айтып отырамын.

 Ақсұлу Жаназарова (аты-жөні өзгертілген), аудан тұрғыны:

- «Менің жасым  34-те. Жоғары білімім, тұрақты жұмысым бар. Ата-анама масыл емеспін. Тіршілік етіп, өз-өзімді қамтып отырмын. Ауқатты демеуші не болмаса ақшалы жігітім де жоқ. Өміріме ризамын. Осы күнге дейін тұрмыс құрмауымның себебі өзіме сай адамды кездестірмедім. Шыны керек, қазіргі жігіттердің көбі «бала» сияқты. Жауапкершіліктен жұрдай. Ыңғайы келсе бәрін әйелдің мойнына жүктеп қойғысы келеді. Ондай жігіттің қажеті қанша?!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале