7.11.2017, 10:27
Оқылды: 33

Кәсіпкер оңалту орталығына аппараттар тарту етті

Бөрлі аудандық орталық ауруханасында осыдан бір жыл бұрын ашылған «Қайырлы үміт» оңалту орталығы жаңа 8 аппаратпен толықты.

Өткен жылы оңалту орталығының ашылуында кәсіпкер Қайрат Қапашев сегіз вертикалды тірек қозғалтқыш қондырғыны сыйға тартқан еді. Енді, міне, тағы да сегіз аппаратты балалардың оңалуына берді. Аталған қондырғылар оралдық мүгедек жандардың қолынан шыққан. Сапасы ресейлік өнімнен кем түспейді, бағасы екі есе арзан.

«Осы орталық ашылғанда сегіз аппарат сыйлаған едім. Ол кезде ешкімге айтылмағанын қаладым. Дегенмен биыл менің көмегім өзге қалталы азаматтарға үлгі болса екен деген ниетпен жариялап отырмын. Себебі, біздің қоғамда бойында дерті бар бала болмауы керек. Сол үшін барынша қолдау көрсеткеніміз шарт. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады емес пе?!» дейді Қайрат Қапашев.

Бөрлі ауданында мүмкіндігі шектеулі 80-аса бүлдіршін бар. Соның ішінде балалардың сал ауруы, бас миының жабық зақымдануы мен Даун синдромы аурулары көптеп кездеседі. Осы орайда арнайы жабдықтар тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалар үшін таптырмайтын құрал. Төсекке таңылып, сіңірі тартып қалған жандар осы құрылғы арқылы жүре-бара оңалып, тіпті жүріп кетуі де ғажап емес дейді мамандар.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале