11.12.2017, 12:29
Оқылды: 21

Кәсіпкерлер көмек көрсетті

«Ғибадат» ЖШС директоры, «Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақовтың есімі өңір тұрғындарына таныс. Ол екі аяғынан бірдей айрылса да еңсесін түсірмей, қазіргі күнде табысты кәсіпкерге айналды. Мүмкіндігі шектеулі жанның халін өз басындағы жағдайдан жақсы білетін Біржан аға оларға үнемі қолдау білдіріп, көмек қолын созып келеді.

Біржан Қожақовтың шеберханасы өткен жылы сал ауруына шалдыққан ауыр науқас балаларға арнайы құралдар шығарып, республика бойынша тегін таратқан да болатын. Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс.

Енді, міне, Біржан Морякұлы қазталовтық 3-топ мүгедегі Жақсылық Әлмұрзинге де қолдау көрсетті. Жақсылық биыл өз еңбегімен салған үйіне көшті. Жақсылықтың жаңа қонысына кәсіпкер Біржан ас үй жиһазын сыйға тартты.

-Мен ерекше қуаныштымын. Себебі биыл жаңа баспанамды салып бітірдім. Осы жаңа қонысыма сыйлық ретінде ас үй жиһазын сыйға тартқан Біржан Морякұлына айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына бей-жай қарамай, көмек көрсеткен аудан басшылығына, әсіресе аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызына, жаз айында үйіме пластикалық терезе алып берген кәсіпкер Арман Биғалиевке де шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Еңбектерінің жемісін көріп, шынайы бақытқа бөленіп жүре берсін, -дейді Жақсылық Әлмұрзин.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале