14.07.2017, 17:49
Оқылды: 20

Кәсіпкерлікті дамыту жайы талқыланды

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілеріне арналған кеңес өтті. Жиынға облыстық кәсіпкерлер палатысының директоры Нұрлан Қайыршин мен аталған мекеменің бөлім басшысы Аманғали Залиев қатысты.

-Елбасының биылғы Жолдауында жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру шаралары туралы баса айтылады. Мемлекет басшысы шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсетуді белсенді пайдалану, жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіруге жағдай жасау қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында бірқатар кешенді шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі және 10 кооператив тіркелген, - деді жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Біржан Нұрланұлы. Мұнан соң облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Жасұлан Бәсеров аталған мекеменің үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысы туралы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Исқақов аудандағы ауыл шаруашылық кооперативтерінің жұмысы жайлы баяндамалар оқыды.

Басқосу барысында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Серікұлы Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту, мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін оңтайландыру арқылы бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде қолға алып жатқан шараларға тоқталды. Ол, сондай-ақ облыс, республика көлемінде бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету мақсатында ұйымдастырылатын оқу-семинарлар туралы мағлұмат беріп өтті. Жиын соңында қатысушылар ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Д.ЗЕННАТ,

Жәнібек ауданы

     

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале