28.02.2018, 12:45
Оқылды: 132

Қазақтың ұлттық рухы аттың үстінде

Ұлттық код дегенді әркім әрқалай түсінеді. Біздің білетініміз, ол мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының ішіндегі сөз ғана емес, ол сіз бен біздің, яғни қазақтың жүрегінің ішінде болуы тиіс «рухани тамыр». Айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтың «Атқа мінген кезімде менің өзім, таққа мінген адамды менсінбеймін!» деген сөзі бар. Ол сөз рас болар. Себебі, қазақ атқа мінбек түгілі, шапқан атты көргенде бір орында тұра алмай қалады. Шамасы, манағы «рухани тамыры» солқ-солқ етіп кететін болып тұр.

Атқамінер деген сөз бар. Қазақ бұлай деп атқа мінуге физикалық мүмкіндігі бар адамды айтпайды бірақ. Елдің ішінде ақыл-тәжірибесі артқан, ауызына аталы сөз қонақтаған адамдар қарына атбас алтын қамшы іліп, астарына арғымақтан ат мініп елдік шаруаларға араласуға шыққан. Яғни, ұлттық мүдденің қажетіне рухы дайын адамдар, нақтырақ айтқанда - рухы күшті адамдар. Міне, солар – атқамінерлер. Соған қарағанда жылқы бағзы заманнан бері қазақ ұлтының мінген көлігі ғана емес, жанының рухани драйвері де болған секілді ғой. Қазақ ат мініп ұлы даланың академиясын меңгерді, қазақ ат мініп жауға шапты. Қазақ басқа жұрт үшін тіпті адам мен жылқының тұтасқан жаратылысы - кентаврдың кейпінде көрінді.  Не керек, казақ өзінің тарихының әрбір парағына атының тұяғымен мөр басып шықты. Сол мөр ХХІ ғасырдың алтын парағына басылмай қалады ма деп те алаңдайсың? Алаңдайтын себеп бар себебі.

IMG_3607Қазір уақыт жетпейді дегенді көп айтамыз. Ол – өтірік сөз. Ал уақыт ысырапқа көп ұшырап кетті десек сенуге болады. Бос кеткен уақыт – өлген уақыт. Қолымыздағы төртбұрышты смартфонды төрт қырлы қабір десем келісесіз бе? Мен келісуіңізді сұрар едім. Себебі, алтындай уақыттарымызды сол смартфонның ішіне жерлеп жатырмыз біз қазір. Бала да, оның ата-анасы да, мектептегі мұғалімі де, тіпті кейде атасы мен әжесі де бүгінгі күні беймезгіл смартфон сипалаумен уақыт өткізіп жатыр. Уақыттың өлгеніне басқа қандай дәлел керек?

IMG_3587Түсінгеніміз, адам Facebook-тан «рухани жаңғыру» жайлы пост оқығаннан немесе Instagram-ды парақтап отырып, ақын мен күйшінің, жылқы мен қымыздың суретіне «Like» басқаннан рухани жаңғырмайды. Телефонның бетіндегі құпия кодты тергеннен, ұлттың ұлттық коды іске қосыла кетпейтіні тағы белгілі. Міне, біз осыған алаңдаймыз.

Ең негізгі назар аударатын мәселе – бала тәрбиесі. Қазіргі күні жасқа толмаған сәбиді алдарқататын сылдырмақ емес, смартфон. Тәуелсіздіктің ХХІ ғасырдағы төріне әже мен атаның ертегісін тыңдаған емес, You Tube-тан мультфильм көрген бір ұрпақ келе жатыр. Күні ертең осы ұрпақ технологияның алуан тілін игергенмен, адам сыйлауды білмей кететін болса, iPhone сияқты смартфондардың қайсысы «iPhone X», қайсысы iPhone 6s plus  екенін анық ажыратып, ал өзінің ата-тегін, тіпті руын білмейтін біреу болып шықса, таң қалмаңыз онда. Себебі, оны адам емес, техника тәрбиеледі.

IMG_3610Бұған ешкім алаңдамайды демейміз, алаңдайды ғой. Бірақ көбі іштей алаңдайды да қояды. Құр алаңдағаннан пайда жоқ. Осыны түсінген ұлтжанды азаматтар бүгінгі таңда адамдардың, әсіресе балалардың уақытын тиімді пайдалануға, оларға ұлттық құндылықтарды креативті жолмен ұсынуға барынша күш салып жатыр. Сырым ауданында «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен әр сенбіде өтетін тай жарысын ұлттық қодты жаңғырту, ұлттың рухани серпілуі бағытындағы игі жұмыстың біреуі деп атап кетуге әбден болады.

Осымен, екінші жыл болды, Жымпиты ауылындағы С.Датұлы атындағы стадионның ауласы қыс болса ипподромға айналады. Былайғы күндері, балғын атбегілер тайларын жаттықтырады. Тайларын жарыс жолдарымен таныстырады, жүрісін қалыптастырады, жүгіртіп тынысын ашады. Сенбі күні жарық түсісімен жаңағы стадионның ауласы атбегі мен шабандозы айналшықтаған жабуланған тайға, сосын қызық көруге келген көрерменге толады. Бұл дәстүр әр сенбі сайын қайталанады.

Кешегі сенбідегі қызықты арнайы барып көрдік. Сол күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мен Астана қаласының 20 жылдығы аясында тай жарысы және асау үйретуден аудан біріншілігі өтті.

IMG_3637Тайлардың бәйгесіне 10 тай қатысты. Жарыс дәстүрлі сипатта ұйымдастырылып жатқасын, жас шабандоздар түгілі, тайлар да кәдімгідей шабысқа төселіп қалған екен. 4 шақырымға есептелген 10 айналымдық жарыс жолының жартысынан көбін тайлар бытырамай, әдемі жүріп өтті. Тек соңғы айналымдарда жүйріктер суырыла бастады. Соңғы айналымда төрт тай қатарласа шапты. Қатарласа шапқаннан не пайда, мәренің алдындағы санаулы сәт жарыстың қорытындысын тіпті басқаша шешіп жіберді. Жарыс жолынан шығып қалып, кейін қайта жарысқа кірем дегенше ойдай уақытын жоғалтып алған өлеңтілік шабандоз Нұрсұлтан Кенжебаевтың астындағы Қаден Досболатовтың «Ақжол» атты тайы өзінің шапшаңдығы мен үстіндегі шабандоздың сауаттылығы арқасында үшінші орынға оңай ілікті. «Ақжол» екінші не бірінші келуге үмітті екенін көрсетіп, көрерменді бір шулатып алды. Алдындағы тайдың сүрінгенін өлеңтілік Райымов Қуаныштың баптаған «Тайфун» атты тайын тізгіндеген Азат Амансүгіров сәтті пайдаланып кетіп, тай жарысының жеңімпазы атанды. «Тайфунның» ізінен келген Ермекбай Жұбатов мінген қамыстыкөлдік Дастан Ибрагимовтың «Нұрқасқасы» жүлделі екінші орынға ие болды. Жымпитылық Ерлан Сәрсеновтың шабандоз Сырым Бәки шапқан «Звезда» атты тайы «Жеңіске деген жігері үшін» марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Қайсар» спорт клубы атынан қаржылай сыйлықтар берілді.

IMG_3646Тай жарысынан кейін асау үйретуден аудан біріншілігі басталды. Тебініп, тулап тұрғанынан сескенді ме, әйтеуір алаңға әкелінген қара құнанды үйретіп көруге көп ешкім ниет білдірген жоқ. Асау үйретуде тәжірибесі бар Әспенбет Қайыржанов бірінші болып асаудың әуселесін байқап көріп еді. Болмады. Кезекті кезіндегі жылқышы Махметовтердің немересі, жас атбегі Нұрсұлтан Кенжебаев алды. Нұрсұлтан әп дегеннен құнанды тақымдап алды.  Тақымның мықтылығы деген сол болар, Нұрсұлтан асаудың әрі-бері жұлқынғанына, сілкінгеніне, тіпті секіргеніне де қараған жоқ. Қақшиып отырды да қойды. Ақыры, асау жүріске көнді. Сөйтіп, өлеңтілік Нұрсұлтан Кенжебаев осымен екінші мәрте асау үйретуден аудан біріншілігінің чемпионы атанды.

Бір спорттық сенбі осылай өтті. «Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсановтың айтуынша, Жымпитыдағы сенбілік тай жарыстар тек балалардың ғана емес, жалпы бұқараның ортақ қызығына айналып келеді екен. Клуб директоры ХХІ ғасырдағы ұрпақты «цифрлану» үрдісіне жұтылудан тек спорт, соның ішінде ұлттық спорт құтқарады деп пікір білдірді.  Жөн сөз екен деп жазып алғанбыз, оны осы мақаланың орайлы жерінде айтып отырмыз.

Айтқымыз келгені, қазақтың телефонның алдында жататын емес, аттың үстінде отыратын дәурені енді келді. Себебі, қазақтың ұлттық рухы аяқтың астында жатқан жоқ, биікте, аттың үстінде тұр.

 Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале