14.11.2018, 10:52
Оқылды: 57

«Қазіргі заман қаһармандары» акциясы Теректіде өтті

Теректі ауданында ҚР Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Қазіргі заман қаһармандары» акциясы өтті. Оған аудан әкімі Әділ Жоламанов, ауданның құрметті азаматтары,  ішкі істер қызметінің ардагерлері, мектеп оқушылары қатысты.

IMG_0042

Аталған іс-шара алғаш рет 2013 жылы Жамбыл облысында террористі ұстау кезінде көз жұмған Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне тағзым етілуімен  бастау алған.

         Бүгінгі қоғамда өз өмірлерін қатерге тігіп, бейбіт күннің батырлары атанып жүрген оғландар көп. Дегенмен қызметтік міндеттерін адал атқару кезінде көз жұмған ішкі істер саласының қызметкерлері де жетерлік. Олардың ұзын саны күні бүгін 780-ге жеткен. Оның 32-сі батысқазақстандықтар болса, соның екеуі - теректілік.

         Акцияға қатысушылар батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 15 тәртіп сақшысы акция кейіпкерлері атанып, ерліктері арнайы дайындалған видеороликтерде баяндалды.

         Шара барысында ҚР ІІМ кадр жұмысы департаментінің  басқарма бастығы, полиция полковнигі Мұрат Жақыпбеков  аудан әкімі Әділ Жоламановқа, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиевке және аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжановқа ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін жоғарылатуға бағытталған шаралар кешенін іске асыру жөніндегі міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін ҚР ІІМ Қ.Қасымовтың алғыс хатын табыс етті.

         Теректі ауданы әкімі Әділ Тауфиқұлы жаужүрек батырлардың ерліктеріне жеке тоқталып, ризашылығын білдіріп, акция кейіпкерлеріне алғыс хат ұсынды.

         Шараның көркі Алматы қаласының ІІД ансамблінің концерттік бағдарламасы болды. Құрылғанына 50 жыл болған ансамбльде әр жылдары Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кисоглу, Әлібек Дінішев секілді қазақ өнерінің  майталмандары ән шырқаған. Ансамбль мүшелері  халық әндерін құйқылжытып, қазіргі уақыттағы эстрада жұлдызы, танымал әнші  Мұрат Тоқашбаев қазақтың қоңыр домбырасының үнімен сахна төрін жаңғыртты.

         Патриоттық шара соңында аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев ансамблге алғыс хат пен ықылас гүлін  табыстады.

IMG_0014 IMG_0035

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы

 

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале