30.07.2018, 11:12
Оқылды: 75

«KAZPOST» зейнеткерлерді сыйлыққа кенелтті

Kazpost (1)Теректі ауданында «Қазпошта» АҚ өзінің 25 жылдығына орай «Kazpost сыйлықтарының жылы» акциясы негізінде сертификаттардың кезекті ойнатылымын өткізді.


Мерекелік шарада алғаш боп сөз кезегін алған Федоров ауылдық округі әкімінің көмекшісі Қайрат Жұмақаев Қазақстан поштасының тарихынан сыр шертті.

- 1993 жылдың 5 сәуірінде Тәуелсіз Қазақстан Республикасында алғашқы қазақ поштасы құрылып, ресми түрде мемлекеттік мәртебе алды. Биыл, яғни 2018 жылы, қазақстандық поштаға 25 жыл толып отыр. Осы 25 жыл бойы Қазақстан поштасы бір миллиардтан астам пошта жөнелтілімін өңдеді. Электрондық коммерцияның дамуына байланысты сәлемдемелер мен бағдарлардың саны артып келеді. Қазірдің өзінде «Қазпошта» әр сағат сайын 3000-нан астам сәлемдеме қабылдайды әрі жібереді. Енді велосипедпен және автокөлікпен жүретін пошташыларға дрондар мен робот пошташылар да қосылды. Бүгінгі салтанатты шарада «Қазпошта» АҚ қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға сәттілік, жанұяларыңызға бақыт тілеймін, - деді Қайрат Қазбекұлы.

«Свет женщины» әйелдер кеңесінің төрайымы Любовь Лымарева мен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Венера Өтешқалиева да сөз сөйлеп, пошташылардың еңбегін елеп, алтыннан да қадірлі уақыттарын бөлген теректіліктерге алғыс айтты.

KazpostТұрғындардың үмітін үкілеген жиында «Қазпошта» АҚ-ның зейнетақы мен жәрдемақы алушысы болып табылатын Батыс Қазақстан филиалының клиенттері үшін тұрмыстық техникалар сатып алуға 7 негізгі сертификат ойнатылды (200 мың теңге көлемінде – 1, 100 мың теңге – 1, 50 мың теңге – 5). Жеңімпаз «Random.org» бағдарламасымен кез келген санды таңдау арқылы анықталды. Ұтыс ойынын ашық түрде өткізу үшін құрылған тәуелсіз комиссия құрамында мерзімді басылымдарды тарату бөлімінің бастығы Д.Исқалиева, қауіпсіздік бөлімінің бастығы Е.Әжігереев  болды. Комиссия мүшелері экранда көрсетілген сан кімге тиесілі екенін облыс бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушылар бойынша есеп кітапшасынан анықтады.

Сонымен «ТехноДом» дүкендерінен тұрмыстық техника сатып алуға арналған 200 мың теңге көлеміндегі сертификат 12940 нөмірлі Орал қаласының тұрғыны Ақшабан Стамғазиеваға бұйырды. 100 мың теңгенің сертификатын деркөлдік Александра Кастерина ұтып алды. Ал 50 мың теңге көлеміндегі сертификаттардың иелері – Айым Тарғынова (Теректі ауданы, Жаңа өмір ауылы),  Дәметкен Шатанова (Ақжайық ауданы, Алмалы ауылы), Раушан Бусурманова (Теректі ауданы, Федоров ауылы), Мәриям Сариева (Орал қаласы), Сұлухия Шамшинова (Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылы). Өкінішке орай, ақша ұтып алған тұрғындар бүгінгі шараға келе алмаған екен. Ұйымдастырушылар сертификатты иелеріне өз қолдарымен тапсыратынын жеткізді.

«Қазпошта» қызметкерлері залдағы лық толы халықтың да көңілін қалдырмай, арнайы тұрмысқа қажетті ыдыстарға ұтыс ойынын жариялады.

Мерекелік шарада бірнеше жылдан бері серіктес болған БанкХоумКредиттің Батыс Қазақстан облысында «Қазпошта» АҚ арқылы сату бағытының жетекшісі Жәнібек Сұлтанов бүгінгі ұтыс ойынынан сырт қалмай, викторина өткізіп, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтарын табыс етті.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале