31.05.2018, 14:57
Оқылды: 31

Қазталов аудандық театры «Қызыл жебеден» үзінді ұсынды

Қазталов ауданы орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Қазақ тарихындағы тұғырлы тұлға» атты еске алу шарасы өтті.

Еске алу шарасы Сағит Садықов атындағы мәдени демалыс орталығы жанындағы халықтық театры әртістерінің репрессия құрбаны Тұрар Рысқұлов туралы «Қызыл жебе» ғұмырнамалық роман-эпопеясынан үзінді қойылымы арқылы өрілді. Бұл қойылымда зобалаң жылдардағы қазақ ұлтының болашағы үшін аянбай қызмет еткен Тұрар Рысқұлов пен ұлы Ескендірдің өмірінің трагедиямен аяқталуы және жұбайы Әзизаның қуғынға ұшырауы көрініс тапқан.

Шараға жиылғандар қуғын-сүргін құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар аудандық кітпахананың ұйымдастыруымен Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің оқушылары сол жылдары «Халық жауы» атанып, құрбан болған қазақ арыстарының портреттері мен олардың кітаптарын ортаға алып, олар туралы жазылған өлеңдер топтамасын оқыды.

Кеш соңында саяси қуғынға ұшыраған жерлестеріміздің ұрпақтары атынан еңбек ардагері Жұпар Мұханбетова сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале