14.06.2018, 10:35
Оқылды: 35

Қазталов ауданында Айбар Хайырхановтың кеші өтті

IMG_1615Қазталов ауданында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мұқан Төлебаев әндер байқауының лауреаты Айбар Хайырханов «Әнім сенсің, туған жер!» атты кеші өтті.

Айбардың әндерін Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі сүйемелдеді. Осы кеште Айбар Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ», Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», әндерін орындаса, сонымен қатар И.Кальманның «Ария Мистера Х», Э.Ди Капуаның «О соле мио» классикалық әндерін де шырқап, көрермендердің құлақ құрышын бір қандырды.

Сонымен қатар осы кеште Айбардың әріптестері күйші Асылбек Бектасов «Төремұрат» күйін және Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін камералық оркестрмен бірге орындап, күй құдіреттің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Эльмира Усаева «Гәкку» төгілдірсе, Айбар екеуі қосылып классикалық шығармаларды да өз деңгейіне жеткізе әуелетті.

Сондай-ақ камералық оркестрдің орындауындағы «Симфония Сол Можор» шығармасы және оркестрдің вокалдық тобы да ұлтымыздың классикалық шығармаларымен бірге әлемдік туындыларды да сахна төрінен асқақтатты. Аудандық мәдениет үйінің сахнасында көп уақыттардан бері классикалық шығармалардың үні естілмегендіктен болар, көрермендер оны сағынып қалған екен. Әрбір орындалған нөмірлерге ұзақ қол шапалақтау мен ықлас білдіріліп отырылды.

Кеш Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнімен аяқталды. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова жерлесіміздің осындай рухани демалыс сыйлағаны үшін және облыстық камералық оркестрдің ұжымына аудан жұртшылығы атынан рахмет айтып, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Осы кеште аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Нұрия Хабибуллина және аудандық саз мектебінің директоры, Айбардың алғашқы ұстазы Жадыра Тілеубаева өнер иесіне ризашылық тілектерін жеткізіп, естелік сыйлықтарын табыс етті.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале