14.01.2020, 13:23
Оқылды: 248

Казталов ауданында малдың көлікке соғылуының 13 оқиғасы тіркелген

Казталов ауданы Чапаев-Жалпақтал-Казталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы бағытындағы күре жолдың бойында орналасқандықтан, күрделі жөндеу жүріп жатқанына қуаныштымыз.

jol qaztalov-janibek-orda (1)

Ендігі әңгіме сол жолдың сапасы жөнінде. Жаңа жыл алдында ауданға келген облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың өкілдерімен кездескен-ді. Сол жиында әкім орынбасары жолдың сапасына байланысты біраз сын айтты. Біздің көтергелі отырған мәселеміз – жол үстіндегі қауіп. Осы жол үстінде адамның өмірі, тағдыры тұр. Қара жолдан қайғы жамылған жандар қанша ма?! Жолдағы басты қауіп жылдамдық десек, малдың көлікпен соғылуы жиілеп отыр.

 «Орал өңірі» газетінде журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен Есенжол Қыстаубаевтың «Мал иесінің жазығы не?» атты мақаласы жарық көрді. Онда Ақжайық ауданының Тайпақ ауылы маңында көлік пен сиырдың соқтығысуы баяндалған. Темірдің аты темір дегендей, тіл тартпай кеткен мал иесін көлік жүргізуші сотқа беріп, 1 млн. теңге қаражат талап еткен. Бұл істің анық-қанығына жетіп, іске қатысты олқылықтарды дәлелдеген журналист мал иесі, Тайпақ ауылының тұрғыны, ІІІ топ мүгедегін 1 млн. теңге көлеміндегі айыппұлдан аман алып қалды. Нағыз қызықтың көкесі осы жерден басталады. Осыған дейін көлік жүргізуші күндіз малды қаққан жағдайда кінәлі саналып, ал, түн мезгілінде соқтығысса, мал иесі жауапқа тартылатыны белгілі болды. Енді заңның қайдан шыққанына тоқталсақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде жол-көлік оқиғалары бойынша әкімшілік жауапкершілікті көздейтін бап бар екен. Соның 615-620-баптарында жол бойында малды қағып кеткені үшін жауапкершілік көзделген. Бірақ бұл баптың негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар мал иелерін жауапкершілікке тартып келген. Мұндай шешімдер заңсыз болған. Себебі «Жол жүрісі туралы» заңның 1-бабы, 15-тармағының, «Жолда жүру ережесінің» 2-тарауының 2-бөлігі (26 және 31) тармақтарының және ӘқБК-нің 615-бабында көрсетілген ескертпенің мазмұны мен мағынасы бойынша үй жануарларының иелері, егер де жолда атарбаны басқармаса, мініс малын немесе табынды айдамаса, жол жүрісінің өзге де қатысушылар санатына жатпайды. Демек, мұндай азаматтар құқық бұзушылықтың субъектілеріне жатпайды. Яғни, малы жол бойына шығып кетіп, көлікке соғылса, иесіне жауапкершілік қарастырылмаған. Бүгінде ҚР Бас прокуратурасы тарапынан Ішкі істер министрлігімен бірге барлық облыстың прокурорларына мұндай заңсыздықтарға жол бермеу туралы тапсырма берілген.

Дейтұрғанымен, түнгі уақытта жол бойында тұратын тұрғындар малдарын қамамайтыны шындық. Тіпті көп ауылда мал бағымы да ұйымдастырылмайды. Демек жол апатына бәрі де жауапты. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, былтыр Казталов ауданы арқылы өтетін Чапаев-Казталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы тас жолында көлікке малдың соғылуының 13 оқиғасы тіркелген. Оның біреуі аудан орталығына жақын жерде және 12-сі Талдыпан, Жалпақтал, Қараөзен ауылдық округтері аумағында орын алған. Кісі өлімі болмаса да, дене жарақатын алғандар бар. Тек жоғарыда жазылған «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес әкімшілік іс қаралмаған. Жол-патрульдік полиция инспекторларының айтуынша, мұндай жол-көлік оқиғаларына қатысты іс қозғау олардың құзырына кірмейді.

Қазір жауапты органдар жол бойында орналасқан және мал ұстайтын ауылдарға арнайы белгі орнатуды қолға алса, мал иелеріне түнгі уақытта жарық шағылыстыратын флиппер тағуды ұсынды. Бұл жарық шағылыстырғыш әзірше көлік пен малды аман сақтаудың бірден бір жолы.

qaztalov jol (2)

Шағылыстырғыш – белдіктің құны 200 теңге. Флипперді алғаш болып қолға алған Талдыапан ауылының тұрғыны, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев. Ол өз иелігіндегі малдарға флиппер белдігін тағып, көпке үлгі көрсетуде.

Нұр Рахман

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале