13.11.2019, 16:33
Оқылды: 84

Қазталов ауданындағы үш ауыл газға қосылады

Бүгінде Қазталов ауданында жылытылып отырған 156 әлеуметтік нысан бар. Оның 62-сі білім саласына қарайды. Оған қоса 53 мәдениет ошағы мен 41-і денсаулық сақтау мекемесі тіркелген. Аталмыш мекемелердің 67-сі қатты отынмен, алтауы сұйық отынмен, үшеуі электр желісімен, 80-і көгілдір отынмен жылытылады.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямовтың айтуынша, бүгінде қажетті қатты отын толығымен қамтылса, сұйық отынның 70 пайызы жасақталған.

 – 2019-2020 жылға жылу беру маусымына орай әлеуметтік-мәдени, білім және денсаулық сақтау нысанына 375 тонна дизельдік жанар-жағармай мен 810 тонна қатты отын қажет екені анықталды. Бүгінгі күнде әлеуметтік нысандарға қатты отын 100 пайыз жеткізілсе, сұйық отын 263 тонна, яғни, 70 пайызы жеткізіліп отыр. Сұйық отынның қалған 112 тоннасына конкурс жариялануда. Барлық нысандардың жылыту маусымына дайындығы тексеріліп, қосымша (резерв) жылыту қазандықтары да алынуда, - дейді Нұржан Армисұлы.

1425996598_gaz

Бөлім басшысының сөзіне сенсек, аудан алдағы қысқа сақадай сай. Аудандағы газ таратушы мекеме «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның мамандары да көгілдір отын уақытымен және бірқалыпты беріліп отырғанын жеткізді.

Биыл қыста ауданға қарасты үш ауылдық округ тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрмек. Дәлірек айтсақ, Талдыапан, Талдықұдық, Көктерек ауылдық округтерінде газ тарту жұмыстары аяқталып, тек әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге қосу жұмысы қалып отыр. Кейбір елді мекендерде бұл жұмыстар аяқталып жатыр.

Қайрат Жақып

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале