24.04.2018, 18:30
Оқылды: 40

Қазталовта «Әйел және бизнес» семинары өтті

IMG_7329Қазталов ауданында кәсібін бастағалы отырған әйел адамдарға арналған «Әйел және бизнес» атты семинар өтті. Семинарға аудандық мекеме-ұйым басшылары, ауданымыздағы жеке кәсіпкерлер қатысты.

Кездесуде Қарасу ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Толқын Моншатаеваның заманауи үлгіде тігілген көйлектерінен сән үлгісі көрсетілді.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қаталов аудандық төрағасы Аманжол Нығметов: -«Бизнестің жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасын» іске асыру мақсатында жұмыстар атқарылып келеді. Бағдарлама аясында еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техни­калық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес оқытуды қолдана отырып, қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуге мүмкіндік беріледі.

Несиенің ең жоғары сомасы 19 млн. теңгеге дейін ұлғайтылып, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Несие берудің жалпы мерзімі 5 жылға дейін беріледі. Өз кәсібін бастаймын деушілерге, қай салада болмасын іздене беру керек. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бизнестің қай саласымен айналысам десеңдер де жол көрсетіп, несиелер беруге дайын, -деді.

Сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рамиля Сүпіғалиева бизнестегі әйелдер қауымының алатын орны жөнінде хабарлама жасады. Рамиля Сергейқызының айтуынша күні бүгін аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік  саласында тіркелгендер 353 кәсіпкер, яғни  29 пайызын әйелдер қауымы басқарып отыр. 45-і ауыл шаруашылығы саласында болса, 308 кәсіпкер сауда саласын басқарып жүр. Сонымен қатар бизнес жоспарларын жасақтап несие алуға өтініш білдірген азаматшалар да бар екен. «Игілік», «Береке», «Іскер», «Бизнес аймақ» бағдарламалары бойынша, жеке кәсіп ашуға несие алған.

«Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева кәсіпкер болудың қағидаларын таныстырып өтті.  Кәсіптерін дөңгелетіп отырған Талшын Бермағанбетова, Сәуле Омарова, Бәтес Хайрушева, Лиза Хайбушева, Индира Әлібекова кәсіптерінің қыр-сырымен бөлісіп, кеңестерін ортаға салды.Сондай-ақ кездесуде өз кәсібін бастағысы келетін және құжаттарын жинастырып жатқан ауылдық округтерден келген іскер әйел адамдар  сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Мейрамхана фойесінде аудандағы әсмер әйелдердің қолынан шыққан бұйымдардан, тәтті тағамдардан көрме ұйымдастырылды.

Гауһар ӘДІЛЖАН,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале