18.05.2018, 17:04
Оқылды: 37

Қазталовта ғалымның 130 жылдығы аталып өтті

Қазталов ауданы Қошанкөл ауылында методист ғалым, оқулықтардың авторы, журналист  Ғали Беғалиевтің 130 жылдығына арналған  «Рухани жаңғыртудың тарихи бастаулары: Батыс Алашорда және ескерілмеген есімдер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұдан кейін конференцияға келген қонақтар мектеп жанындағы жаңартылған өлкетану музейінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Конференция жұмысына қатысушыларды аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталып өтті.

Конференцияда М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және өлкетану орталығының жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты  Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова, осы университеттің 3-курс студенті, алаштанушы Надя Жастілек, еңбек ардагері Батырғали Иманғалиев, Ғ.Беғалиев атындағы мектебінің директоры Руслан Ильясов, Бірік орта мектебінің директоры Уәлихан Жағыпаров, Ғ.Беғалиев атындағы орта мектептің мұғалімі  Гүлназ Айтқалиева сөз алып, ғалым-ұстаз Ғали Беғалиевтің өмір жолы мен еңбектеріне тоқталса, сонымен қатар өткен жылы ғана құрылғана 100 жыл  толған  Алаш Үкіметінің тарихы мен маңызы туралы кеңінен әңгімеледі.

Ғали Беғалиев деген есімге келетін болсақ, Қазталов ауылының төл тумасы. Қазақ балаларын сауаттандырған тұңғыш әліппе авторларының бірі.

1918 жылы Ордада өткен мұғалімдердің тұңғыш сиезінде сиез төрағасының көмекшісі болған. 1922-24 жылдары Оралдағы педтехникумда мұғалім болып қызмет жасаса, Орал қаласынан шыққан «Қызыту» және Алматыдан шыққан «Еңбекші қазақ» газеттерінде жұмыс жасаған. Ол қазақ және орыс мектептеріне арналған оқулықтардың, оқыту әдістемелерінің авторы болып табылады. Сонымен қатар қазақ тілінің терминологиялық және түсіндірме сөздіктерін жасауға да қатысқан. Қазақ лексикологиясы мен морфологиясы саласындағы қазақ тілінің методикасын жайындағы еңбектері тіл біліміне қосылған айырықша еңбек болып табылатынын айтқан жөн.

Ал оның жұбайы Мәдина Қожбанқызы Бегалиева қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш инженер. Ол өзінің саналы ғұмырында Бөкей, Орал губернияларының партия комиеттерінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі, ҚазақССР мемлекеттік бақылау органында абыройлы қызметтер атқарыпты.

Міне, осындай саналы ғұмырын білімге, ғылымға жұмсаған тұлғалардың есімдерін бүгінгі ұрпақ ұмытпақ емес. Өзінің туған жеріндегі мектеп Ғали Беғалиев есімімен аталатын болса, ал Бөкей ордасы ауданындағы Бөрлі ауылдық округіндегі жалпы білім беретін мектеп Мәдина Беғалиеваның атында.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген осы бір ғылыми-тәжірибелік конференцияның бүгінгі ұрпаққа берері зор деп білеміз.

Конференция соңы мектеп оқушыларының концертіне ұласты.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале