1.08.2018, 17:22
Оқылды: 19

Қазталовта музыка мектебі салынуда

Бүгін Қазталов ауданына облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев іссапармен барып, аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімі орынбасарының іссапары  Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық бағыттары бойынша жүргізіліп жатырған «Ақбұлақ» бағдарламасының жұмыстарымен танысудан басталды. Сонымен қатар бұл ауылдарға өткізіліп жатқан газ құбырының жұмыстарын көрді. Жалпақтал ауылындағы 12 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үй құрылысы басына барды. Іргетасы  қаланып жатқан бұл үйдің құрылыс жұмыстарын «Эврика» ЖШС жүргізуде. Бұл тұрғын үйдің жобалық құны 112 млн. 166 мың теңгені құраса, қаражат облыстық бюджеттен бөлінуде. Құрылыс нысанын көрген облыс әкімінің орынбасары мердігерге құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі орынбасары «Киров-Шежін» каналындағы құрылыста болды.  Бұл каналдың III кезеңінің құрылыс жұмысы 48 шақырымды  қамтиды. Бұл кезеңде каналдың 48 шақырымының 31 шақырымына "Қазсушар" тазалау жұмыстарын жүргізсе, 17 шақырымы жаңадан салынады.

Облыс орталығынан тартылған асфальт  жолдың құрылысын уақтылы аяқтап, Бөкей Ордасы ауданына дейін жеткізуді Елбасы  міндеттеген болатын. Қазіргі күнде Қазталов бағытында 35 шақырым қашықтық жасалуда. Сонымен қатар Жаңажол ауылының кіреберіс, шығаберіс және ауылішілік жолдарына қатқыл табанды жол төселіп, жаяу жүргіншілер жолы да салынуда. Жаңажол ауылының кіреберісі мен Жалпақтал бағытындағы шығаберісіне және ауыл ішіндегі 3 көшеге жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын қатқыл табанды жол төселуде. Бұдан басқа 4 көшеге жаяу жүргінші жолдары жасалуда. Бұл жұмыстарды «Айдана» ЖШС атқаруда. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары мердігер жұмысына оң бағасын берді.

Аудан орталығына келгенде облыс әкімінің орынбасары жаңадан салынып жатқан музыка мектебінің құрылысымен де танысты. 24 оқушыға арналған саз мектебінің жобалық құны 87 млн. 615,9 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын «ЖолаушыЖол» ЖШС жүргізуде. Саз мектебінде би, музыкалық аспаптарды үйрету сыныптары, концерттік залы, гардероб бөлмелері болады.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Елбасының биылғы жылы халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау бағытындағы жұмыстардың жоспарлы жүргізіліп жатқанына куә болды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК

Қазталов ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале