22.10.2018, 12:01
Оқылды: 71

Қазталовта Нығмет Нағымовты еске алған ақындар айтысы өтті

Қазталов ауданы Нұрсай ауылында «Облыс ақыны» атағының иегері, дара тұлға, талант иесі Нығмет Нағымовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Айтыстың ерен жүйрігі» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.

айтыс (3)

Нығмет Нағымов – өңір айтысында өрнегі бар қайталанбас бейне. Республикалық ақындар айтысында топ жарған Қатимолла Бердіғалиев те осы Н.Нағымовтан дәріс алған. Ол 1958 жылдан 12 рет айтысқа қатысты. 1967 жылы облыстық ақындар айтысында I-дәрежелі дипломмен марапатталып, «Облыс ақыны» атанды.
Өнер кешінде алғаш сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданымызда өткізіліп жатқан ақындар айтысының жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесіне зор ықпал ететін, ақындар мектебінің қалыптасуына әсер ететінін айта келіп, айтысқа қатысқалы отырған ақындарға сәттілік тіледі.

Сахна төріне көтерілген Н.Нағымовтың шәкірті, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев ұстазы туралы естелік айтып, сөзін айтыскер жазған Сағит Садықовтың «Дос әзілі» әнін орындады. Іс шараға Орал қаласынан келген айтыскердің ұл-қыздары Біржан, Дана, Нұрлы әкелері туралы естелік айтып, аудан, ауыл әкімдігіне және жерлестеріне алғыс білдіріп, мектеп музейіне Нығмет Нағымовтың қолжазбасын сыйға тартты. Сондай-ақ еңбек ардагері Сейдіхан Жұмағұлов ақын аға туралы естеліктермен бөліссе, Қазталов, Тереңкөл мектебінің мұғалімдері Абзал Есенғазиев, Балым Бөкішева арнау өлеңдерін оқыды.

Ақындар айтысының шымылдығын айтыскер Бауыржан Қалиолла ашты. Айтысқа Атырау облысы Құлсары қаласынан Ғалымбек Мұстафа, Қаратөбе ауданынан Райымбек Өтепов, Ақжайық ауданынан Айнабек Бисенғалиев, Бекболат Қаленов, Жаңақала ауданынан Орынбек Меңдіқұлов және Орал қаласынан Естеміс Мұхамбетов сынды ақындар қатысты. Айтысқа қатысқан ақындарға сый-сыяпат тарту етілді.

Өнер кешіне арнайы келген ақын, сазгер Сәрсенғали Бисенғалиев:

- Қос өзеннің ортасында жатқан халқымыз көптен бері жырға сусап қалып еді. Бүгін соның орны толды, - деген пікірін білдірді.

айтыс (1) айтыс (2) айтыс (4)

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале