16.10.2018, 10:57
Оқылды: 86

Қазталовта такси бағасы қымбат

АИ-92 маркалы жанар-жағармай бағасы Қазталов ауданы орталығында 180 теңгеден 155 теңгеге бірден төмендеді. Бірақ, Орал мен аудан орталығына қатынайтын такси бағасы 2500 теңгеден 3000-ға көтерілді.

Бұған тұрғындар наразылық білдіруде. Қазір Қазталов-Орал бағытындағы жеке таксилердің құны 3000 теңге, ал Жалпақтал-Орал арасы 2500 теңге. Бұл бағаны оларға ешкім бекітіп берген жоқ, өзара келісіп алған ортақ баға. Ал осы екі араға қатынайтын автобустың құны 1350-1500 теңге. Дегенмен, Қазталов бағытындағы 20 орындық автобустың соңғы кездері жүруінен, «ақсақтауы» көп. Тіпті, бір айға жуық мүлдем жүрмей де қалды. Сондай-ақ бұл автобустар тұрғындарды толықтай қамти алмайды. Билетті ертемен барып, алмасаңыз құр қалатыныңыз тағы бар. Талай мәрте осы жағдайды басымыздан өткізіп жүрміз. Амал жоқ такси қызметіне жүгінуге тура келеді.

Нұрлан Құсайынов

Осындай такси қызметін жиі пайдаланатын ауыл тұрғындарының бірі – Нұрлан Құсайынов: «Такси бағасының бұлай өсуі негізсіз деп санаймын. Жылдан-жылға облыс орталығынан тартылған қатқыл жол жақындап келеді. Аудан орталығына 30 шақырым жетпей тұр. Такси қызметінде жүргендердің ішінде көліктері көгілдір отынмен жүретіндері де бар. Жанар-жағармай төмендеді. Сонда олар осы жағдайды ескермей ме? Атқарушы органдар бұл жағдайды реттесе екен деймін»,- дейді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар жол көлігі және автомобильдер жолы бөлімі басшысы Нұржан Ислямов: «Жақында облыс орталығы мен аудан орталығына қатынайтын автобус жөндеуге тұрып қалғанын пайдаланған такси жүргізушілер жол ақысын көтеріп жіберді.

Нұржан Ислямов

Бұл олардың жеке шешімі. Біздермен ақылдасып жатқан ешкім жоқ. Одан басқа такси қызметіне арнайы патент алмай жүргендері біршама. Жолаушы тасуға ешбір рұқсаты жоқ, бірақ тұрғындар ондай көліктердің қызметіне ойланбастан жүгінуде. Осы жағдайларды реттеу үшін «Нұр Отан» партиясы, жол полициясы қызметкерлері және қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге рейдтерге шығуда жоспарда. Аудан орталығында автотұрақтар жасақтауды қолға алып жатырмыз»,- деген жауабын берді.

Әрине, жоғарыда көрсетілген және берілген пікірлерді ескерсек, такси жүргізушілерінің жолақыны көтеруі жөнсіз сияқты. Бұрынғыдай Чапайға дейін шоқалақ, жайсыз жол емес.

Жолаушы тасымалымен айналысып жүрген ауыл тұрғыны Мерген Малахов: «Аудан орталығында арнай рұқсаты бар, «Алипкалиев» жеке кәсіпкерлігі арқылы тіркелген 23 такси облыс орталығына қатынап жұмыс жасауда. Олардың 3-і Бірік ауылдық округінен, 2-і Бостандықтан. Ал аудан орталығындағы 18-дің қазіргі күнде 12-сі жолаушы тасымалымен айналысуда. Қалғандары әртүрлі себептермен әзірге жүрмей жатыр.

Мерген Малахов

Менде осы Берік Алипкалиев басқаратын кәсіпкерлік арқылы жолаушы тасымалымен айналысамын. Қажетті барлық құжатымыз бар. Такси қызметінің жолақыны көтеру мәселесіне келсек, біздер өткен жылдың 21 ақпан күні өзара келісу арқылы Қазталов-Орал бағытындағы жолақыны 2500-нан 3000 теңгеге көтердік. Бұдан кейін биыл жаз айларында балалар мен студенттердің ауыл мен қалаға қатынауына жеңілдік ретінде қайтадан 2500 теңгеге түсірген болатынбыз. Ал қазіргі күндегі нарықтық жағдайда азық-түлік, киім, құрылыс материалдары күннен-күнге қымбаттап жатыр. Ал көлік бөлшегі бағасы шарықтап кетті. Біз де такси қызметінде жанұямызды асырау үшін жұмыс жасаймыз. Сол себептен жолақыны 3000 теңгеге қайтадан көтердік. Бізден басқа рұқсатсыз такси қызметімен айналысатындар көп. Оларды қатарымызға алуға жұмыстанып келеміз. Ауыл тұрғындарының ішінде аз қамтылған отбасылардан жолақы алмаймыз. Көпбалалы отбасыларға облыс орталығынан азық-түлік те әкеліп беріп жатамыз. Көпшілік бізді дұрыс түсінсе деймін,- деген уәжін білдірді.

Иә, жүргізушілердің көпшілігі жанұясын асырау үшін темір тұлпар тізгіндеп, табыс табуды көздегендер. Елдің пікірін де білдік. Бірден қолымызға тоқпақ алып такси қызметінде жүрген азаматтарды кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен олардың қарапайым халықтың қалтасына тым қатты салмақ сала беруге болмайтынын ескергені де абзал.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале