25.08.2017, 16:58
Оқылды: 30

Қазталовта тамыз кеңесі өтті

Қазталов ауданында «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті.


Кеңес аудандағы үздік педагогикалық ұжымдар мен оқушылардың озық тәжірибелерін насихаттайтын жаңартылған білім мазмұны аясында дайындалған көрмемен ашылды. Көрмеге мектеп оқушыларының жеткен жетістіктері, қолөнер бұйымдары қойылып, робототехника саласы мен химия пәні бойынша тәжірибелер көрсетілді.
Тамыз кеңесіне қатысушылар жарыссөзге қатысып, жаңартылған білім, үштілділік, кәсіптік білім беру мәселелеріне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Кеңесте сөз алған аудан әкімі Абат Абайұлы ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтай келе, білім беру саласында алдағы жылдары қолға алынғалы отырған шараларға тоқталды.
-Мектеп – ауылдың айнасы іспеттес. Сондықтан мектеп тек білім сапасына ғана көңіл бөліп қоймай, тәрбиеге де баса назар аудару керек. Сол себептен тәрбие сағаттары арасында «Ардагерлер сағатын», «Әкім сағатын» ұйымдастыру қажет деп санаймын. Сондай-ақ рухани жаңғыру негізінде өңіріміздегі түрлі тарихи жерлерге экспедиция ұйымдастыру, мұражайлар ашу сынды жұмыстар да атқарылуы керек. Оқушылардың демалысын тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін лагерьлер базасын нығайту, жұмыстарын жандандыру да күн тәртібінен тыс қалмайды. Кәсіптік білім алу бағытында мектептер мен колледж арасындағы байланыс күшейтілуі керек. Және ауданда жетіспейтін педагогикалық кадр мәселесін шешу бағытында да жұмыстануымыз қажет, -деді аудан әкімі.
Кеңес соңында жыл бойы үздік көрсеткіштерге жеткен Бірлік орта мектебі, Ғұмар-Қараш атындағы мектеп-гимназия, К.Меңдәлиев орта мектебі ұжымы алғыс хатпен марапатталып, қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар озат педагогикалық кадрлар ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының және аудандық білім бөлімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Кеңес соңы барлық қатысушылардың қосыла шырқауындағы «Ұстазым» әнімен аяқталды.

Мөлдір ӘНУАРБЕК,
Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале