10.01.2018, 12:27
Оқылды: 122

Қазталовта таза қанды ат баптайтындар көбейіп келеді

 

Атбегілік   үлкен өнер. Бұл қасиет қазақтың қанына сіңген. Осы қасиетті жануарға  деген қызығушылық танытатындардың қатары көп болғанымен, ат баптау екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Қазталов ауданының Көктерек ауылдық округінде де ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Солардың қатарында көктеректік Нұрболат Әдетов пен Анарбек Жайлаубаевтардың есімдерін атауға болады.

Шағын ғана Оразғали ауылында «Ақжол» шаруа қожалығын құрып, ата кәсіпті жандандырып отырған ағайынды Қолғанат пен Нұрболат Әдиетовтер төрт түлік мал өсіріп қана қоймай, текті жануар жылқыға ерекше көңіл бөледі. Осы жігіттердің ат қорасында жоғары қанды және асыл тұқымды ағылшын жылқылары бағылуда.

Атбегі Нұрболатты әңгімеге тартқанымызда: - Біздің атқорада 15 бәйге аты бапталып күтілуде. Осы жылқылардың көбін Ресейден сатып алдық. Кейін өзіміздің еліміздегі текті жылқылардың құлындарын да алдық. Бәйге аттарын баптауды қаңтар айының басынан бастаймыз. Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты. Аттың қырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді,- деді.

Сонымен қатар бұл қожалықта қазақтың еділбай қойын өсіруді де дұрыс жолға қойған екен. Ауданымыздағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Қамқор» шаруа қожалығынан 400 бас еділбай тоқтысын сатып алған. Тағы бір байқағанымыз еңбекқор азаматтар мал бордақылауды да қолға алған екен. Арнайы орында 20 бас ірі қараны жемдеп отыр.

Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын атбегілердің бірі – «Төлеген» шаруа қожалығының жетекшісі Анарбек Жайлаубаев деген азамат. Сарыөзен бойындағы Көктікен қыстағында орналасқан ағамыздың шаруашылығында жылқы малына арнап жаңа үлгідегі ат қора салынған. Бұл қорада 10 асыл тұқымды ағылшын аты бапталуда.

Атбегінің айтуынша, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді.  Яғни, шын жүйрік  бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. Бұл жылқы малының ерекше қасиеті, - дейді атбегі.

Бұдан басқа Анарбектің шаруашылығында  200 бас ірі қара, 100 бас жылқы, 1500-ға тарта қой өсірілуде. Сондай-ақ жаңа мал қораның да құрылысын бастап қойған.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале