21.06.2018, 12:57
Оқылды: 42

Қазталовта журналист, сатирик Қабдығали Жақыповты еске алу шарасы өтті

Қазталов аудандық мәдениет үйінде Ақжайық өңіріне танымал журналист, тіл жанашыры, аудармашы, сатирик Қабдығали Жақыповты еске алуға арналған «Еліңнің  жүрсің есіңде» атты кеш өтті.

Жайық  жұртшылығы еркелетіп «Қабес» деген еді. Ол облыстағы өнер адамдарының, оқымысты ғалымдардың шығармаларын, жетістіктерін, жылт еткен жағымды жаңалықтарын ұдайы насихаттап, олардың елге ерте танылуына еңбек сіңірді.

Танымал журналист, сатирик Рашит Шақу «Туған тілінің тағдыры үшін білегі мықтымен күш сынасып, жігері жасымаған, әдебиет әлеміндегі сатира жанрында қалам тербеп, кездескен келеңсіз көріністі тілімен түйреп алатын Қабдығали Жақыповтың есімі оқырманға кеңінен таныс. Егер ол журналистік мамандықты кәсіп қылмағанда, кім білген қазір қазақ әдебиетінің қоржынын толтырып том-том  дүниелерін  оқырманға ұсынып отырар ма еді» - деген болатын.

Келместің кемесіне мініп кеткен ағамыз облыстық, республикалық  деңгейлерде өтетін мәдени іс-шаралардың да бел ортасында жүрді. Әсіресе халықтық айтыс өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Өзі де тума талантының арқасында талай айтыстарға қатысып, үлкенді-кішілі сахналарда біраз үзеңгілес ақындармен жұмбақ, қайым, өтірік айтыстың түрлерімен сөз таластырды. Әсіресе өзін әншімін деп, айтыстан алыс  ұстағанымен  күллі қазаққа құлагері қара домбырасымен танылған Қатимолла Бердіғалиевтың аламан айтыстың сахнасынан көрінуіне Қабдығали ағамыздың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Тіптен ағамыздың арқасын қоздырып, шабытын шақыру үшін кезектесіп өзі де айтысып кететін.

IMG_3865Досы, кешіміздің құрметті қонағы Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев ағамыз: «Ел тағдыры, тіл тағдыры үшін жанын салып еңбек етті. Бойындағы табиғи таланты, сарқылмайтын шабыты, дарынды ұлын қай істе де алдыңғы қатарға алып шығатын. Туған жерінің мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламаларының сценарийін жазды.  «Жадыра» ойын-сауық отауын құрды. Жазуға деген қабілет, көркем жазуға деген құштарлық, ойындағы еркіндік , оның талантын шоқ жұлдыздай жарқырата түсті» деген-ді.

Менің осы жазу «дертіне» алғаш  тәрбиелеген де Қабдығали көкем еді. Аудандағы «Коммунизм жолы» газетінде Қабдығали Жақып жазған дүниелерді жұот жібермей, іздеп оқитын. Газет жанрында кездесетін  очерк, новелла, фельетондар ағамыз үшін түк емес-ті. Қаламының жүйріктігі сол аз ғана уақытта табақтай газеттің бір бетін өзі-ақ толтырып тастайтын. Жетпей қалған 100-150 жолдық бағандарға орталықтан келетін ақпараттарды лезде аударып бере салатын. Қаталдығы мен қайсарлығын қажет кезінде көрсететін. Өнерге де, адами қасиетке де бай көкеміз-қаламы жүйрік журналист, шебер аудармашы, мықты режиссер еді. Ол - ұстаз, тәжірибелі тәлімгер болатын. Өздеріңізге белгілі осыдан 20 жыл бұрын Хан Ордасындағы Жәңгір хан кесенесінің ашылуындағы театрландырылған қойылымның сценарийін жазған да Қабдығали Жақыпов еді. Жалпы қоюшы-режиссердің, ойнаған әртістердің есімі аталады да, осындай құнды дүниелерді жазып шыққан автордың елеусіз қалып жататына да шындық.

IMG_3920Аудан мәдениетінің көкжиегін кеңейтуге айрықша үлес қосқан ағамыз концерттер мен «Жадыра» ойын-сауық орталығына жүзден астам сценарийлер мен интермедиалар жазды. Оның туындыларында тәрбиелік ықпалын, ұтқырлығын көрсететін мазмұнды жазбалары көп еді.

Еске алу кешінде ағамыздың туындыларынан көріністер қойылып, өлеңдері оқылды. Осы кешке халқымыздың бір туар азаматы Қатимолла Бердіғалиев және облыс ақыны Сәрсенғали Бисенғалиев ағаларымыздың  қатысып, естеліктер айтып, оның шығармаларын сахнадан бейнелеуі - өнерге деген құрмет деп санаймыз. Сонымен қатар Қазталов аудандық  мәдениет үйінде бірге қызметтес болған Ғалымжан,Зәуре,  Ғанижамал, Сандуғаш сынды өнерді  пір тұтқан аға-апаларымызбен қатар артынан ерген шәкірттері Боранбай, Нәрік тағы басқа да  өнер иелері ағамыздың шығармашылық еңбегін қайта бір жаңғыртқандай болды.

Ән-жырмен өрілген кеш өнерге деген құрмет деп білеміз. Қазақ өнерінің небір тума таланттарын дүниеге әкелген қасиетті топырақта өнерге келіп, өзінің ғұмырында қайталанбас із қалдырған ағамыз туралы айтылар әңгіме - болашақ ұрпақтың еншісінде деп санаймыз.

 Гүлмира ТІЛЕУБАЕВА

«AQJAIYQ» арнасының бас редакторы

ҚР мәдениет саласының үздігі

IMG_3788 IMG_3929 IMG_3958

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале