18.04.2017, 12:59
Оқылды: 18

Қазталовта жыл басынан бері 13 мал ұрлығы тіркелді

 

Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазталов ауданы бойынша мал ұрлығының 13 дерегі тіркелсе, оның 9-ы табылған. Ал былтырғы жылдың 1 мал ұрлау фактісі биыл ғана ашылған екен.  Жалпы, қолды болғаны 28 бас мал болса, соның 10 басы табылмай отыр. Мал ұрлау фактілері Қазталов, Жалпақтал, Талдыапан, Көктерек және Қараөзен ауылдық округтерінде тіркелген.


- Мал ұрлығының тыйылмауының басты себебі - округтерде мал бағуды ұйымдастыру жұмыстарының нашар жүруі. Кейбір елді мекендерде мал бағылмайды десе де болады. Әрине, қараусыз жүрген малға екі аяқты да, төрт аяқты да қызығатыны сөзсіз. Осы мәселені тұрғындар назарына алса дейміз. Сондай-ақ тұрғындар малдары жоғалғаны туралы кеш хабарласады. Бір айдан соң келіп шағымданатындары да бар. Мұндай жағдайда мал ұрлығының ізін суытпай іздестірудің мүмкіндігі болмай жатады, - дейді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Әли Нұрекешов.

- Былтырғы жылы бір бас сиырым өрістен үйге келмей қалды. Ізін суытпай бақташыға да, полицияға да хабарластым. Бірлесіп іздеп көрдік, бірақ таба алмадық. Сол кезде біздің Қазталовта және басқа да елді мекендерде мал бағатын бақташылардың немқұрайлығын байқадым. Олай дейтін себебім, таңертең малды өріске айдап апарып тастағаннан кейін күн ұзағына малдың қасында болмайды, тек кешкісін ауылға айдап қайтады. Сенбесеңіз, күндіз мал бағылатын жерге барып көріңіз. Бақташыны таба алмайсыз. Бұл бақташының өз жұмысына деген жауапкершіліктің жоқтығы деп ойлаймын, - дейді Қазталов ауылының тұрғыны Айтжан Жұмағазиев.

Қайрат ЖАҚЫП

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале