19.02.2018, 11:48
Оқылды: 23

Қазталовтағы балықшылар жарысына 100-ге жуық балықшы қатысты

Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында жеке кəсіпкер Əлібек Сартаев, ауыл əкімшілігі жəне «Жалпақтал жалынды жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен əуесқой балықшылар жарысы өтті.

Алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа 100-ге жуық балықшы қатысты. Оның ішінде Қазталов ауданынан Жалпақтал, Ақпəтер, Көктерек, Қарасу, Жаңажол, Қараөзен ауылдық округтері жəне Тасқала ауданынан балықшылар келді.

Жарысқа қатысушыларымыздың арасында жаңажолдық Шара Алипова анамыз, -Біз жолдасымыз екеуміз 10 жылдан бері балық аулау кәсібімен айналысып келеміз. Балық аулау – біздің сүйікті кәсібіміз. Өзім ұстаздық жолда қызмет жасасамда, отбасымызбен балық аулап, табиғатта демалғанды жақсы көреміз. Бүгін алғаш рет жарысқа қатысып отырмыз. Әрине, қатысушылар жан-жақтан көптеп келуде. Қармағымызға қанша балық түсетінін көре жатармыз, - дейді нәзік жанды балықшымыз.

Қараөзен жағасындағы өтіп жатқан сайыс қытымыр қыстың суығын сездірмеді. Өйткені, жайма шуақ жаз айындағы жәрмеңке ме дерсіз? Айналада толған бала-шаға, сауда-саттық, дәмді кәуаптың көрінісі... Міне, осының барлығы да адам баласына қысқы табиғат аясында бір сәт демалудың сәтін түсіргендей.

Кәсіпкер Әлібек Сартаев ағамыз 2010 жылдан балық шаруашылығымен айналысып, 2014 жылы 30 қыркүйекте БҚО әкімдігінің №249 қаулысымен Қазталов ауданында орналасқан Кіші өзеннің «Ақсуат-Әбіш» және үлкен өзеннің «Байтұрған-Таңат», «Қожантай-Айдархан» бөліктерін конкурстық комиссияның шешімімен балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалану құқығына ие болды.

Сондай-ақ кәсіпкер ағамыз 2017 жылы облыс орталығына «Тірі балық» дүкенін ашса, биылғы жылы Қазталов және Жалпақтал ауылдарына осындай дүкен ашуды жоспарлауда.

Жарыста 1 орын Талап Төлегенов  (қайық), 2 орын Дамир Тайров (арнайы киім), 3 орын Асыланбек Айтжанов иеленсе, ал Талғат Төлегенов «Ең кішкентай балық ұстаған»,  Сафиолла Кенжеғалиев «Ең үлкен қатысушы», Дәулет Айтжанов «Ең үлкен балық ұстаған», Алтынбек Айдынғалиев «Ең жас қатысушы» номинацияларын алып, алғыс хаттармен,  ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Жұлдыз АСҚАР

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале