15.09.2017, 16:33
Оқылды: 21

Қазталовтағы фермада құстың 44-ке тарта түрі өсірілуде  

14 қыркүйек күні Президент әкімшілігі аппаратының мемлекеттік инспекторы Есет Байкен жұмыс сапарымен Қазталов ауданында болды.

Сапар барысында Есет Берікұлы Тереңкөл ауылдық окургіне қарасты «Жалдықара» шаруа қожалығында болып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Жанболат Ақсалов жетекшілік ететін қожалықта бүгінде 280 бастай ірі қара, 1900-ден аса қой-ешкі, 400-ден астам жылқы бар. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалардан да тыс қалмауда. Атап айтсақ, 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 161 ірі қара, 2016 жылы 50 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алды. Сонымен қатар агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасы аясында «Шығанақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, мал соятын орын салуды қолға алды. Ферма сондай-ақ қымыз өндірумен де, құс шаруашылығымен де шұғылданады. Бүгінде 44-ке тарта құс түрлері, соның ішінде түйеқұс, бөдене, фазан, цесарка сынды құстар өсірілуде.

Ферма жұмысымен танысқан Есет Берікұлы мемлекетімізде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қабылданған бағдарламалардың тиімділігіне тоқталып өтіп, олардың істеріне табыс тіледі.

Осы жұмыс сапары кезінде мемлекеттік инспектор Есет Берікұлы Қазталов аудандық орталық ауруханасының жұмысымен де танысты. 1999 жылы жаңадан салынып, ашылғаннан бері орталық аурухана аудан тұрғындарына  медициналық көмек көрсетіп келеді. Соның ішінде кардиология бөлімі, ультрадыбыстық зерттеу, рентген бөлмелері жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталып, жұмыс жасауда. Есет Берікұлы аурухана қызметкерлерімен жолығып, науқастарды электронды кезекке қою, міндетті әлеуметік медициналық сақтандыру бойынша жасалып жатқан жұмыстармен де танысты.

Осы сапар барысында мемлекеттік инспектор Есет Байкен аудан орталығында салынып жатырған 22 бірпәтерлік тұрғын үй құрылысымен де танысты. Облыстық бюджеттен бөлінген 176,019 млн. теңгені «Жолаушы жол» ЖШС ұтып алып, құрылыс жұмыстарын жүргізуде.  Пәтердің жалпы көлемі – 1,96 мың шаршы метр. Құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.

Осы және басқа да нысандарды аралап көрген мемлекеттік инспектор аудан аймағындағы атқарылған жəне қолға алынып жатқан іргелі істер туралы оң пікір білдірді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале