18.08.2017, 12:53
Оқылды: 23

Қазталовтық 30 оқушыға көмек көрсетілді

Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қособа елді мекенінің тұрғындарына көмек көрсету жалғасуда. «Көп түкірсе көл»,- демекші Никанор бастауыш мектебінің оқушыларына оқу жылы қарсаңында киім-кешектен көмек көрсетілді.

Шілде айының соңында ауданымыздың Қособа елді мекенінің тұрғындарының уақ малдары дала өрті кезінде шығынға ұшырады. Ауданымызда төтенше жағдай жарияланып, жылу жинау ұйымдастырылған болатын. Аудан әкімі Абат Шыныбеков тұрғындармен кездесуде, қолдан келгенше көмек көрсетілетінін, оқу жыл қарсаңында оқушыларға да көмек болатынын айтқан еді.

17 тамыз күні аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, ауданнның ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, «Жалпақтал-Көмек» қорынының төрағасы Амангелді Кәкімов қосоабалықтармен кездесіп, 30 оқушыға киім-кешектен көмек көрсетті. Осындай сауапты іс жасаған Қосоаба ауылының тұрғындары аудан басшылығына, аудан кәсіпкерлеріне, Талдыапан ауылының қожалықтарына өз ризашылықтарын білдірді.

Жанболат ФАЙЗУЛЛИН, Қосоаба ауылының тұрғыны:

-Аудан тарапына бізге көп көмек көрсетіп отыр. Никанор бастауыш мектебінде отыз оқушы білім алуда. Бізбен кездесіп, ақылдасып, балаларымыздың өлшемдерін алды. Қособалықтар шын көңілден ризамыз. Алғысымыз шексіз.

Бүгінде ауданы бойынша аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардың оқушыларына қолдау көрсету үшін жалпыға бірдей білім беру айлығы мен «Мектепке жол» акциясы оздырылуда. Акция «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өткізілуде.
Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен күні бүгін барлығы 195 балаға 507 900 теңге көлемінде киім, оқу құралдары көмек көрсетілуде. Ал Қосоаба ауылының Никанор бастауыш мектебінің бір топ оқушылары жаңа киім-кешектерін алып, мәре сәре болып жатты.

 Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Талдыапан ауылы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале