27.05.2020, 12:12
Оқылды: 83

Казталовтық шебердің жөндеген көліктері салоннан жаңа шыққандай   

Казталов аудандық "Ауыл айнасы" басылымы бетінде кәсіптің қай түрін болсын ұршықша үйіріп, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген жандардың жұмысын қалың көпшілікке ұсынып, көрсетіп келеміз. Бұл жолы да сол ізбен көлік жөндеу (костоправ) мамандығының қыр-сырын меңгерген майталманды мақаламызға арқау еттік. Ол – Казталов ауылының тумасы Ербол Идрисов.

F7CFAB1D-7C9C-4DDF-9CDF-9250163075C2

Мақаламыздың басын оқығандар: «Ой, бұның несі қызық, кәсіп жасап ақша тауып жүр ғой» деп ойлауы да мүмкін. Бірақ мақаламыздың барысында Ербол бұл кәсіпті ақша үшін емес, жеке қызығушылығынан жасап жүргеніне көз жеткіземіз.

CB857445-B525-4366-8561-FB70245462FB

Ендеше бәрін басынан бастайық. Ербол Талапұлы ұзақ жылдардан бері аудан орталығындағы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №11 өрт сөндіру бөлімінде көлік жүргізуші болып қызмет атқарады. Азаматтық қорғау аға сержанты Ербол күнделікті қызметімен қатар көлік жөндеумен айналысады. Көлік жөндегенде екінің бірінің қолынан келе бермей соғылған, майысқан көліктерді қалпына келтірумен шұғылданады. Соның ішінде өзі қызмет жасап жүрген бөлімнің 4 қызметтік көлігін жөндеп, әріптестері алдында шебер ретінде танылған. Сәтін тауып, мақаламыздың кейіпкеріне жолықтық.

F0BD950B-EE51-4954-B1B0-49B01932168C

-  Оқушы кезімнен техникаға өте үйір болдым. Техникаға деген қызығушылығым қазіргі мамандығымды таңдауыма себеп болды. Мен көбіне жұмыста жүрген кезімде қызметтік көліктерді жөндеумен айналысамын. Маған әркез әріптестерім қолдау білдіріп, көмектесіп жүреді. Атап айтар болсам, Бейбіт Өтебаев, Біржан Ахметов, Ербұлан Тілекеш, Роман Қарабаевтардың еңбегі зор. Алғаш рет біздің бөлімдегі УАЗ автокөлігін жөндеп, жаңа түске сырлап шықтық. Жаман болып шықпаған секілді. Ал үйде жақындарымның көлігі болмаса, басқа адамдардың көлігін қарамаймын. Бұл кәсіп емес, қосымша әуестігім деуге болады. Көлік жөндеп, табыс тапқан емеспін,- деп ағынан жарылды. Ерболдың қайта жөндеген көліктерін көргенде: «Жаңа ғана салоннан шыққан ба?» деп ойлауыңыз мүмкін. Оны біз салған суреттерге қарап, өз бағаларыңызды берерсіздер.

B24F222B-BFA6-490F-9017-26C371ED4C9A

Міне, аудандағы №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет жасап жүрген қолы шебер, ісіне бекем азаматтың жұмысына куә болдық. Ол жақында әріптестерімен бірге ЗИЛ маркалы өрт сөндіру автокөлігін жаңа мәшинедей жайнатып шығарған. Жуырда олар №11 өрт сөндіру бөлімі атынан облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырып жатқан «Үздік жөндеу бөлімі» сайысына қатысады. Сол жерде облыс бойынша арнайы техниканы жақсы күтіп-ұстаған бөлім марапатталатын болады. Ал біздің кейіпкеріміздің шеберлігі сол жерде жоғары бағаға ие болары сөзсіз.

 Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале