11.08.2020, 13:52
Оқылды: 47

Казталовтық жастар қайырымды істерге ұйытқы болуда

Жастар мемлекеттің басты ресурсы болып табылады. Олардың қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Әр заман жастарының замана ағымына сай ойлауы мен сөз саптауы, мәдениеті мен мінез-құлқы қалыптасады. Ал қазіргі таңда ерікті жастардың еңбегі тіптен зор. Еліміздің түкпір-түкпірінен сол еріктілердің бастамасымен қор құрылып, жиналған қаржы халықтың игілігіне жұмсалуда. Осы еріктілердің қатарынан Казталов ауданының жастары да табыла білді.

C8518AAB-91C9-416B-9DC5-26A2743BC80D

Атап айтсақ, «Қайырымдылық – ізгілік пен махаббат» қайырымдылық жобасы аясында Шарко Мари Тутта сырқатына шалдыққан Айнар Ержанұлының Қызылорда қаласында емделуіне байланысты акция ұйымдастырылып, оның еміне 480 мың теңге қаржылай көмек берілді. Сондай-ақ жастардың қолдауымен «Мейірбан жүрек» еріктілер тобы құрылып, ауданымызда көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мұқтаж отбасыларға азық-түлік және тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз ету акциялары қолға алынды.
Еріктілердің еңбектері де еленбей қалып жатқан жоқ. Пандемияға қарсы күрес мақсатымен жүзеге асырылған «Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясы аясында «Nur Otan» партиясымен бірге халыққа қолдау көрсетуге волонтер ретінде белсене атсалысқаны үшін ауданымыздың 6 азаматы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысхатына ие болды. Олар Мұқағали Шоқпанов, Ерхат Бекмолдин, Ғилым Бексұлтан, Жұлдыз Талапова, Мұхаммед Құрманалиев, Ардақ Жангелді секілді белсенділер. Жалпы ерікті ретінде жұмыс атқарудың маңызы жөнінде Батыс Қазақстан агро-техникалық университеті «Машина жасау» мамандығының 3-курс студенті, белсенді жас Дәулет Пангереевті әңгімеге тарттық.
- Ерікті болу қазіргі заманда көпшілік жастардың, қала берді, орта буынның да қолынан келе бермейтін дүние. Өз басым қайырымдылық жасауды жаным сүйетіндіктен, қиын-қыстау кезеңде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қызметкерлерімен және басқа да белсенді азаматтармен бірге аудан жұртшылығына қолымыздан келгенше қолұшын создық.Ерікті болу - адамды патриоттық пен отансүйгіштікке және адамгершілік пен мейірімділікке тәрбиелейді. Алдағы уақытта да туған жерім үшін қызмет етуге әзірмін, - дейді ол.
Айта кету керек, Дәулет Пангереев пен белсенді жас Мұхаммед Құрманалиев «Мейірбан жүрек» еріктілер тобын жасақтап, қайырымдылық шараларын алғаш қолға алған азаматтар. Ақын Мағжан Жұмабаев та «Мен жастарға сенемін» деп тегін айтпаса керек, осынау жастарға аудан халқы да дән риза. Мәселен, қазіргі уақытта Қызылорда қаласында емделіп жатқан жерлесіміз Айнардың анасы Салтанат Аюпова ханым: «Баламның жағдайы жақсарып келеді. Негізі екі курстық емдеу шарасы бар. Бір курсының өзін екі айға жуық уақыт қабылдау керек екен. Құны 380 мың теңгені құрайды. Бірінші емдеу курсы тамыз айында аяқталып, қазан айында қайта екінші емдеу курсына келеміз. Балам қазір балдақпен жүреді. Жағдайының жақсарып келе жатқандығына қуанамыз. Осы орайда, бір кісідей қолдау көрсеткен аудан жұртшылығына және жастарға алғысым шексіз», - деп өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
Әрине, еріктілерге халықтың алғысы күш берері хақ. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болар» жастарымыз көп болғай!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале