23.09.2019, 12:22
Оқылды: 41

Қазталовтықтар «Мәрмәр ет» фестиваліне қатысты

Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев бастаған делегация Ресейге барып қайтты.

qaztalov (2)

Саратов облысы Александров-Гай ауданының қайта құрылғанына 46 жыл толуы және ІІІ «Мәрмәр ет» фестивалінің өтуіне орай өткен шарада Альберт Темірболатұлы Қазталов ауданы тұрғындарының ыстық ықыласын жеткізіп, Александров-Гай ауданының басшысы Сергей Федечкинге алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Мерекелік шараға аудандық балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығы оқушылардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесін де алып барды. Көрмедегі экспонаттарға таң қалған Саратов облысы үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Стрельников ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді.

Аудан орталығындағы орталық саябақта «Мәрмәр ет» фестиваліне арналған ет жәрмеңкесі, кәуап, палау, қуырдақ пісіру сайыстары, ауыл шаруашылық өнімдерінің және асыл тұқымды малдардың көрмесі ұйымдастырылды.

qaztalov (1)

«Мәрмәр ет» жәрмеңкесінде аудандағы шаруа қожалықтар еттің түр-түрін ұсынып, тиімді бағамен сатты. Жәрмеңке басында мамандардан XIX ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болған бұл деликатестің бүгінде 120-дан астам түрі бар екенін және бұл ет түрінің дәмі, түсі, өңі туралы кеңінен ақпар алдық. Бұндай етті асыл тұқымды ангус, герефорд және өзіміздің ақбас сиырды күтіп-баптау арқылы өндіруге болатынына көз жеткіздік.

Фестиваль соңында қос елдің ауылшаруашылық тауар өндіруші шаруашылықтарының басын қосқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде Алексей Стрельников Саратов облысы бойынша ауылшаруашылық саласына кеңінен тоқталса, Сергей Федечкин аудандағы лимандар мен суармалы егістік туралы мәселе көтерді. Байқағанымыздай Александров-Гай мен Қазталов аудандары арасындағы ортақ мәселе – су тапшылығы. Осы мәселеге қатысты аудан әкімі Альбет Есалиев те өз ұсынысын білдірді. Қазақ елінен келген шаруа қожалық жетекшілері жиында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Қайрат Жақып

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале