27.08.2018, 12:58
Оқылды: 72

Қазталовтықтар РФ Александров-Гай ауданының 45 жылдық тойында болды

Қазталов ауданы әкімі Абат Шыныбеков бастаған делегация РФ Александров-Гай ауданының қайта құрылғанына 45 жыл толуына орай өткен мерекелік шараға қатысып қайтты.

Казталов (2)

         Айта кетейік, бұдан бірер күн бұрын Астана қаласының 20 жылдығы мен Александр-Гай ауданының 45 жылдығына орай велошабандоздардың экспедициясы аттанып кеткен болатын. 250 шақырым қашықтықты құрайтын экспедиция Новоузенск ауданына дейін жетіп, атбасын Александров-Гай ауданы орталығына тіреді.

         Ресей жерінде мерекелік шараның  аудан орталығындағы № 3-ші мектептің ауласында жаңадан салынған әмбебап спорт алаңының ашылуымен басталды. Спорт алаңының ашылу салтанатында экспедиция мүшелеріне аудан басшысы Сергей Федечкин алғысын білдірді.

         Орталық саябақта Александров-Гай ауданының тарихы мен бүгінгі тынысын баяндайтын фото көрмесі ұсынылды. Шараға Қазталов аудандық балалар тәрбие орталығы оқушылардың қолдан жасаған бұйымдарын да алып барған болатын. Көрші елге көрмені таныстырған аудан басшысы Саратов облысы басшысының орынбасары Алексей Стрельниковке қойдың жамбас сүйегінен жасалған естелік сыйлықты тарту етті.

         Одан әрі алаңға келген қонақтар тосап фестиваліне қатысты. Фестивальдің ерекшелігі жеміс-жидектің түр-түрінен жасалған тәттілерді келген қонақтар дәмін татпай, кетпейтіндігі.

         Мерекелік шараның қызған шағын «Из века в век, за годом год...» атты театрландырылған қойылымнан байқадық. Ауданының тарихын сонау ХVIII ғасырдан бастап бейнелейтін көріністе сол кездегі елеулі оқиғалар жақсы сомдалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қойылымнан соң сөз алған А.Стрельников, С.Федечкин аудан күнімен барша тұрғындарды құттықтады.

         Қазталов ауданының халқы атынан құттықтаған аудан әкімі Абат Шыныбеков Александров-Гай ауданының басшысы Сергей Анатольевичке алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.

         Мерейтойға келген қонақтар саябақта талдар ексе, шараның соңы спорттық ойын мен концерттік бағдарламаға ұласты.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

Казталов (1) Казталов (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале