24.05.2018, 13:01
Оқылды: 61

Келесі жылдан бастап Жәнібекке дейін жол төсеу жұмыстары басталады

Жәнібек ауданына ҚР инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов және  республика мен  облыстағы  жол саласының бір топ лауазымды адам келді.

Оларды аудан әкімі Азамат Сафималиев пен аудан ақсақалдары Ұзынкөл ауылындағы жол үстінде күтіп алды. Аудан басшысы меймандарға аудан мен облыс орталығына  дейін қатынайтын жол мәселесін  баяндап берді. Аталған министрліктің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Солтанбекұлы Елбасының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына қатқыл табанды жол салу жөніндегі тапсырмасын орындауға келгендерін, мемлекет басшысының тарапынан жүктелген міндеттің қалай болғанда да жүзеге асатынын мәлім етті.

Жол саласы басшыларымен кездесу кезінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Жәнібек пен Орал қаласы аралығындағы жолдың түйткілдерін айта келіп, Елбасының тапсырмасынан кейін қатып тұрған сеңнің қозғалғанына аудан жұртшылығының шексіз қуанышта екенін, Оралмен екі ортаға қатқыл табанды жол салынған жағдайда көптеген түйінді мәселелердің шешілетінін, Волгоград облысы арқылы көршілес Ресейдің басқа да өңірлеріне дейін жол ашылып, барыс-келістің жақсаратынын баяндады.

Бұдан әрі Астанадан, Оралдан келген меймандар жеңіл автокөліктерімен Ұзынкөл ауылынан аудан орталығына баратын қатқыл табанды жолмен зырлап жүре отырып, көршілес Ресейге өтетін Жәнібектегі шекаралық өткізу пункітіне  табан тіреді. Бұл жерге келгесін аудан әкімі меймандарға осы аралықтан Ұзынкөл ауылына шығатын асфальт жолға дейін 7 шақырым қашықтыққа қатқыл табанды жол төсеу туралы  нақтылы тілегін жеткізді.

Сол жерде келген меймандар шекарашылардан бір тәулікте өткізу пунктінен қанша көлік өтетінін сұрап білді. Шекарашылардың айтуынша, пункттен күніне 30-50 түрлі жүк тасымалдаушы және 200-250 жеңіл автокөліктер өтетінін мәлімдеді. Жол саласының басшылары, сондай-ақ өткізу пунктінің жанынан 8 жолақты көлік ағынын реттеуіш құрылғылар орнату жайындағы жоспарларын ортаға салды. Меймандар бұдан соң аудан орталығындағы темір жолдың тұйығында болып, болашақта қатқыл табанды жолға тасымалданатын материалдарды темір жол тұйығы арқылы жеткізу мүмкіндігі жөніндегі пікір-ұсыныстарын айтты.

-Үстіміздегі жылы Жәнібекпен екі ортаға қатқыл табанды жол төсеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді. Келесі жылдан бастап бұл жұмыстар қолға алынады. Осы тектес жұмыс бағытында ертең Бөкей Ордасы ауданына барамыз. Алдағы аптаның дүйсенбісінде ҚР инвестициялар және даму министріне осы жұмыс сапарында көрген, білгендерімізді баяндаймыз,-деді Сайранбек Бармақов бізбен әңгімесінде.

                                                                                       Н.Жапақов

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале