30.03.2017, 17:48
Оқылды: 65

Кемел елдің кемеңгер қаламгері

Сырым аудандық кітапханасында «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» тақырыбында жазушы «Тар кезең» романының авторы Қажығали Мұханбетқалиұлы жайында оқырмандар конференциясы өтті.

Конференцияға «Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, ардагер-ұстаз Ахмет Батыршин, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айнұр Уәлиахметова,  колледж студенттері қатысты.

Қажығали Мұханбетқалиұлы – Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, сырымтанушы, аудармашы. Ол «Тар кезең» романына өмірінің жиырма жылы арнап, Сырым батырдың  он төрт жылға созылған көтерілісін бір кітапқа сыйғызды. Қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен Сырым Датұлының шешендігі мен қайраткерлігі суреттелген шығарма қазақ қаламгерлерінің құрылтайында жоғары бағаланған.

Конференцияда Сырым Датұлы туралы бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар қатысушылар назарына «Сырымды танытқан саңлақ қаламгер» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Сырым туған Жетікөл ауылында туып-өскен Т.Дарғожиев тарихи романда суреттелген жерлерде балалық шағы өткенін айтса, А.Батыршин жастарды романды оқуға шақырды.

Шара барысында Қоңдыкер Елеуов «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Желдірме» әндерін орындады.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале