13.09.2018, 18:11
Оқылды: 93

Кеше салынғанды бүгін бүлдірді

Бұл көзге қораш көрінетін суреттер өзге емес, өзіміздің Сайқын ауылында түсірілген. Ортасынан қақ бөлінген әткеншектер, торы жыртылып, тесілген футбол қақпасы, бір жағына қисайып, сынуға шақ қалған айналмалы темір есік.

Балалар үшін әдейілеп орнатылған дүниелерге тұрғындардың салғырт қарауы арқаға аяздай батады. «Бұған кім кінәлі?», «Неге мұндай тәртіпсіздікке барды?» - деп бас қатырсақ та, ел игілігі үшін жасалған дүниені бүлдірушілер істеген істері үшін сан соғып өкінбес те.

Сәкен Сейфуллин көшесіндегі мына футбол алаңының (бисендік жеке кәсіпкер Ермек Меңдешевтің тартуы) пайдалануға берілгендігіне көп болған жоқ. Әу бастан «Балаларымыз доп тепсін, шынықсын, шымыр болсын» деген ниетпен тұрғызылған нысанның қазіргі кейпі осындай. Қақпаның торы ортасынан тесіліп, үңірейіп қалыпты. Аяқдопшылардың жойқын соққысынан қақпаның торы жыртылды деуге тағы келмейді.

Ал, балалар алаңындағы (оралдық жерлес кәсіпкер Қуаныш Бірмановтың сыйы) бұл әткеншектерді сындырған кім? Бар-жоғы екі айдың ішінде «әлдекімдер» бүлдіршіндер ойнап жүрген әткеншекті ортасынан қақ бөліп,  ойын алаңының есігін жұлып алып, сол маңға тастай салыпты.

Күндіз балалар ойын алаңы, түнде жастардың сыра ішетін орнына айналатынын естіп білдік. Тәртіпсіздік алдын алуымыз керек.

Сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген халық едік. Әр ата-ана ұл-қызын ойын алаңдарын ұқыпты ұстауға, қоғам алдындағы жауапкершіліктерін сезінуге үйретсе игі. Ауылымыздың көркейуі өз қолымызда.

 

Арайлым ӘЖІҒАЛИЕВА,

Сайқын ауылы,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале