8.02.2019, 15:25
Оқылды: 102

Киіктердің қыс айында күйі қандай?

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қазақ елі даласындағы киіктің сан 1 миллион 20 мыңнан асқан. Ал бүгін ше? Киіктің өзі оралдық, бетпақдалалық және үстірттік болып үшке бөлінеді. Оралдық популяцияға жататын Қазталов, Жәнібек, Орда, Жаңақала аудандарының жерін мекендейтін ақбөкендер саны 135 мың бас. Бұл былтырғы жылдың санағы. Ал биылғы қары қалың қыс киіктерді қысып жіберген жоқ па? Онымен қоса киікті мүйізі үшін ғана ататын қаскөйлер тағы бар. Киіктердің жайын білмек болып, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Сырым Орынғалиевпен кездестік.

IMG-20190206-WA0008

         -Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің арнайы бұйрығымен 2011 жылдың қаңтарына дейін киіктерді атуға қатаң тыйым салынды. Жақында бұл бұйрықтың мерзімі ұзартылып, тыйым салу уақыты 2020 жылдың 30 қаңтарына дейін созылды. Біздің өлкені негізінен Орал популяциясына жататын киіктер мекендейді. Қазақстан бойынша киіктердің 70 пайызы осы Орал популяциясына жатады. Оларды өзіміз бақылап, қорғауға алғалы едәуір өсім бар.

syrym

Биылғы қыстың қарлы болуына байланысты ақбөкендер қары жұқа Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарымен шекаралас Атырау облысына қарай көшкен болатын. Қазіргі таңда киіктердің жағдайы жаман емес, шығын жоқ. Киіктерді бақылау және қорғау жүргізуге 24 инспектордан құралған 4 топ жұмыс жасап жатыр. Әр топ жол талғамайтын автокөліктермен және қарда жүретін шанамен қамтылған. Басты мәселе – киелі жануарларға мылтық кезейтіндер әлі де азаяр емес. Былтырғы жылдың басынан бері облысымызда 43 заңсыз киік ату фактісі тіркелді. Біздің топтың күшімен 2018 жылдың желтоқсан айында Қазталов ауданы, Бірік ауылдық округінің Саралжын елді мекенінің бір тұрғыны және Жәнібек ауданындағы Саралжын қыстағының бір тұрғыны заңсыз киік ату кезінде ұсталды. 14 млн. 400 мың теңге көлемінде мемлекетке шығын келтірген екі азаматтың біреуінің үстінен қылмыстық іс қозғалса, екіншісіне сот процесі басталды.

Бүгінде қаскөйлер әбден әккіленіп, қуланып алған. Арам пиғылды ойларын жүзеге асыру үшін алдын ала жоспар құрып, жан-жақты сайланып шығады. Соңғы үлгідегі техника, құрал-жабдық, шетелдік жүрдек көліктермен қаруланған олар оңайлықпен ұстата қоймайды.

Біздің тарапымыздан осындай құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ауыл тұрғындары арасында акциялар мен кездесу өткізіп отырамыз. Мақсатымыз – киікпен қоса аң, құс, балықты заңсыз атуға, аулауға болмайтынын халыққа түсіндіру, -дейді Сырым Орынғалиев.

Қаскөйлердің киікті мүйізі үшін аулайтыны белгілі. Олар көбінесе мүйізі шаңырақтай киік текесін нысанаға алады. Көбіне киіктің басын ғана алып, денесін лақтырып кетеді. Бейресми деректерге жүгінсек, аңшылар киік мүйізін 35-40 мың теңгеге сатады. Алматыда бұл одан да жоғары бағаланады. Онда мүйіздің келісі 200 мың теңгеден асып жығылса, Қытайда шамамен 4 мың доллар. Қытайда дәстүрлі медицина үшін киіктің мүйізіне дәрілік шикізат ретінде сұраныс мықты. Қытай медицина индустриясының мүйізге деген сұранысы жыл сайын 8 тоннаға дейін барады екен.

20170105123156

         Былтыр «Охотзоопром» мекемесінің ғылыми қызметкері Бақтияр Ташеновпен кездесудің сәті түскен еді. Ауданға ақбөкендердің санағын жүргізуге келген Бақтияр аға, «Киіктің қандай пайдасы бар?» деген сауалымызға: -Киіктер мұз дәуірінен бері жер бетін мекендеп келе жатқан жануар. Біріншіден олар табиғи азықтың қоры болып есептеледі. Тағы бір қасиеті төрт түлік мал сияқты даладағы шөпті түбімен жұлып жемейді және аша тұяқтылар қатарына жататын болғандықтан жайылған кезде топырақты қопсытады. Сондай-ақ киік өсімдіктерді табиғи тозаңдаушы. Олай дейтініміз бөкендердің танауы үлкен болғандықтан өсімдіктердің тозаңын жинап алып, басқа жерлерге таратады. Міне, осындай қасиеттері бар,-деген болатын.

  Бұдан шығар нәтиже еліміздің сар даласын ерекше бір сұлулыққа толтырып қана қоймай, табиғатының жойылмауына үлес қосатын, адам баласы ашықса азық болатын ақбөкендерді болашақ ұрпақ үшін сақтаумыз керек.

Қайрат Жақып,

Қазталов ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале