12.02.2020, 11:34
Оқылды: 503

Ким Федянин: «Атам – Жаһаншамен дос болған, өзім қазақпен бауырмын!»

 

 Ғаламтор беттерін ашып қалсақ күніге жаға ұстатарлық жағдайларға куә боламыз.

Тәрбие ақсап тұр ма, әлде иманның әлсіздігіме, қарияларымыз ақыл айтудан кенде емес-ақ, жастар құлақ аспай жүр ме?

Бір нанды бөлісіп жеп, бір аспанның астында өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, өзге ұлттың ұл-қыздары "асын ішіп, аяғын тепті" десек, асыра айтпаған болармыз. Өзімізде жетісіп тұрған жоқпыз әрине, қыздарымыз жалаңаштанып, сәукеле кигеніне мәз, ұлдарымыз жалаңаш денесіне шапан жамылып жүр. Күні кеше өзге ұлттың баласының домбыраны сындырғанын көргенде жүрегіміз ауырды. Татулығы кеткесін Қордай да қорқыныш еліне айналды. «Қазаққа деген құрмет қайда кетті?» деген сауал бізді ардагер-ұстаз, ауылдың ақсақалы Ким Федяниннің алдына алып барды.

syrym kim (1)

-Ким ата! Атаңыз Иван Федянин «Алашорда» үкіметіне қолдау көрсеткен азаматтың біреуі болғандығы, елде қазақ ақсақалдары мен бір төрде отырған тұлға болғанын білеміз. Атаңыз да, әкеңіздің өзі де қазақтың ұлттық мүддесінің жағында екенін дәлелдеген адамдар. Қазаққа деген махаббат қайдан келді?

-Атам Иван Федянин Алашорда қозғалысының жетекшілері Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер мен достық қарым-қатынаста болған. Қазақ халқы үшін үлкен рөл атқарған аталмыш қозғалыстың ІІ съезін өткізу үшін отбасылық трактир-үйді берген. Дәлел-дәйек 1990 жылы жарық көрген Ж.Ақбайдың «Жымпиты уезіне 70 жыл» кітабында бар.

Әкем Николай Федянин де көзі ашық, көкірегі ояу, бірнеше тілді жетік меңгерген білімді азамат болған, қазақ тілін ана тіліндей көрген, акцентсіз сөйлеген. Ол үнемі қолынан скрипкасын тастамайтын. Қазақ халқының халық әндерін нақышына келтіре орындайтын. Бүгінгі таңда отбасылық жәдігер болып қалған әкемнің скрипкасын Алашорда үкіметінің 100 жылдық тойы қарсаңында аудандық музейге сыйладық. Біз де бала кезімізден қазақтардың ортасында, нағыз қазақи тәрбие көріп өстік. Қазаққа деген махаббат қанымызда бар.

 

-Расында да, өзіңіздің өміріңізден қазақ халқына деген құрметті, даналықты көреміз. Бүгінгі таңда өзге ұлт былай тұрсын, қазақ қазақты құрметтей алып жатыр ма, жоқ па? Қазаққа деген құрмет қайда кетті?

-Қазаққа деген құрмет бар. Тек оны көрмейміз. Шыны керек, әлеуметтік желілерді ашып қалсаң күнде бір қырқыс, қырық пышақ болып бір-біріне балағат сөздер айтып, қару ала жүгіретін жастар жайында естіп, куә болып отырамын. Бүгінгі қоғамның назарында сондай дүниелер тұр.

Біздің жастық шағымызда, "өзге ұлттың баласы" деп бөлінбей, бәріміз бір үйдің баласындай қатар жүретінбіз. Ол кезде қазіргі дей дамып кеткен технологиялар жоқ еді. Қазіргінің балалары атаның батиқасын, әженің насихатын емес, көк жәшіктегі көргенсіздіктерді көріп, өздері жүгенсіздікке салынып жүр. Бейбіт заманды бағаламайды.

 

-Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы қарсаңында, 1 мамыр Бірлік мерекесі күндері өзге ұлт өкілдерімен сұхбаттасқанды жөн көреміз. Өзге ұлт өкілдері түрлі мәдени шараларға шақырылып жатады. Таяқтың екі ұшы бар. Біздер оларды бір жағынан елеп-ескеріп, екінші жағынан өзге ұлт екендіктерін бетіне басып, қоғамнан оқшаулап жатқан жоқпыз ба?

-Өз басым, осы уақытқа дейін өзімді олай сезініп көрмеппін. Әр адам әртүрлі ғой. Қабылдауы да солай. Бірақ, сырт көзге "оқшаулау" болып көрінгенімен, мен үшін ол өкпелейтін жағдай емес. Бала кезімнен қазақи тәрбие алып, қазақ балалармен бірге ойнап, қазақ ортасында жүргендіктен болар, өзімді ешқашан қоғамнан, қазақтардан шеткері көрген емеспін. Мен қазақтан бөлек емеспін, қазақпен бауырмын!

 

-Қазақтың ақсақалы болып төрде аман отыра беріңіз, Ким ата!

 

сұхбаттасқан Айжан Бауыржанқызы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале