20.04.2019, 18:03
Оқылды: 39

Киров-Шежін каналына жан бітті

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Қазталов ауданына келді.

IMG_1230

Сапарын Киров-Шежін каналынан бастаған өңір басшысы Ақпәтер ауылының маңында орналасқан қақпада болып, ауыл тұрғындары және шаруашылық басшыларымен кездесті. Айта кетуіміз керек, жуырда Жайық өзенінің суы Киров-Шежін каналы арқылы Қараөзенге жіберілген болатын.

IMG_1135

Каналдың іске қосылуы ауыл шаруашылығы саласымен айналысқан азаматтар мен аудан тұрғындарына үлкен қолдау болып отыр. Ресей Федерациясынан келетін суға тәуелділікті азайтуды мақсат еткен бұл жобаның құны 2 401,726 млн. теңге. Облыстық бюджет қаржыландырды. Ұзындығы 180 шақырым канал облысымыздың оңтүстік аймақтарында орналасқан төрт ауданның аумағынан өтеді. Канал бойындағы 130 мың гектар жер суланып, 22 тоған толуда. Олардың әрқайсысы 10 мың шаршы метр аумақты қамтымақ. Канал шаруа қожалықтарына малдарын суаруға және егінді жерлерді суландыруға мүмкіндік береді.

IMG_1077

Қараөзенге су жіберетін гидро жүйені іске қосқан Алтай Сейдірұлы:

- Бұл күнді тарихи сәт деп толық айтуға негіз бар. Осы жерде Жайық пен Еділдің сулары тоғысып жатыр. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында осы күнге қол жеткіздік. Міне, ендігі мақсат – осы судың игілігін көріп, мал шаруашылығын дамыту керек. Канал бойында орналасқан шаруашылықтар жүгері, көп жылдық шөп егу сияқты жұмыстарды жүзеге асыруы қажет,- деді.

IMG_1079

Киров-Шежін каналының құрылыс жұмыстарына жауапты болған «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, Жайық суы қазіргі күнде 5 текше. секунд жылдамдықпен Қараөзенге құйылып жатыр. Кездесуде канал бойында орналасқан Талдықұдық, Ақпәтер ауылдық округі тұрғындары атынан еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов облыс әкіміне осындай ауқымды жоба үшін алғыс білдірді.

IMG_1149

Сонымен қатар Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков облыс басшысына ауданымызда көгілдір отынмен қамту жұмыстарымен қатар атқарылып жатқан және алдағы күндері жүзеге асатын жобаларды таныстырды. Ат басын Ақпәтер ауылына бұрған облыс әкімі кәсіпкер Самат Хасановтың туған ауылына тарту жасаған фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты.

IMG_1085

Биы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы аясында Ақпәтер аулының төл перзенті өз қаражатына фельдшерлік-акушерлік пункт салып, ауылдастарына тарту жасаған болатын. Кәсіпкер ФАП құрылысына 16 млн. теңге жұмсаған. Кәсіпкермен және ФАП қызметкерлерімен кездескен өңір басшысы ауыл жанашырына ризашылығын білдірді. Жұмыс сапарын «Чапаево-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы» тас жолында жалғастырған облыс әкімі автомобиль жолының 157-192-ші шақырымындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Күре жолдың жөндеу жұмыстарына жауапты «Казавтажол», «Юнисерв» ЖШС-ның басшыларымен кездескен өңір басшысы жөндеу жұмыстарына 500 млн. теңге бөлінетіндігін жеткізіп, жоспарлы жұмыстарды аяғына дейін жеткізуді тапсырды.

Қайрат Жақып,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале