6.08.2020, 10:05
Оқылды: 75

Кирсандағы жер дауы шешімін тапты

Осыған дейін Бәйтерек ауданына қарасты Кирсанов ауылында жер иелері мен ауыл тұрғындары арасында шабындыққа талас туындағаны жайында айтқан болатынбыз. Ақпарат соңында екі тарап тамыздың бесі күні тағы кездесіп, аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандарымен бірге даулы телімнің мәселесін бір жақты ететінін айтқан едік.

14EDCC09-9E21-459C-99DA-D89BC9549157

Кеше халық та, жер иелері де жиналды. Мәселені бір жақты етуге аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары да барды. Картаның тілін, жер бөлудің ебін білетін азаматтар жердің бір бөлігі шынымен де округке қатысты болып шыққанын анықтады. Қалған шабындық жекенікі екен.. Енді жер иесіне ауылдық округ маңынан биылша шабатын орын берілетін болды. Ал шабылған шөпті кирсандықтар тасып алады.

BEE1DE7B-E2D7-4A75-A932-29ED042D78D1

-Бұл маман шақырмай-ақ ауыл ішінде өзіміз де шешетін мәселе еді. Алғаш кездескенде-ақ жер иесіне биылша шабуға қажет телім беріп, шабылған шөпті ауыл тұрғындары тасып алсын деген ұсыныс айтқан болатынмын. Ол қолдауын да тапқан. Енді мәселеге нүкте қойылды,- дейді ауыл әкімі Абылай Жұмағалиев.

41DC0B80-C253-47BF-B0EF-080C83842955

Кирсандық ағайынның шөп шабуға біраз қаражат пен көп күш жұмсағанын ескерген жер иелері де әкім мен мамандар шешіміне риза екенін білдірді.

-Өзім де мал ұстап, шөп шауып жүрген соң оның машақатын жақсы білемін. Бұл жерге ағайынмен араздасуға емес, жұмыс жасауға келдім. Сондықтан шапқан шөпті тұрғындар тасып алса оған еш қарсы болмаймын. Енді барлығымыз өз жеріміздің аумағы мен шекарасын реттеп алдық. Маңыздысы сол. Енді шабарға жер берілсе болды,- деді Шыңғыс Қадырәлиев.

Тойдың боларынан боладысы қызық деген осы. Жер дауы туды дегенде шешілместей көрінген еді. Білікті мамандар мен сөзге тоқтаған ел ұлдары күрмеуі қиын мәселені бір жақты етті.

Енді кирсандық ағайын мұндай мәселе туындамас үшін ауылшаруашылық кооперативін құрып, өздеріне тиесілі жердің иесі атанбақ. Егер бұл іс оңынан болса, округке қатысты шабындық пен жайылым иесі кооператив мүшелері, яғни жергілікті тұрғындар болады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале