7.08.2020, 13:00
Оқылды: 187

Кіші Айдархан халқы ауыз суға жарымай отыр

Ахмет Байтұрсынұлы атамыз «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді. Біздің «Жаңарған өңір» газеті де аудан халқының мұң-мұқтажын айтып, мәселелерін жан-жақты көтеріп келеді. Газетке деген халықтың сенімі жоғалмаған деп нық сеніммен айта аламыз. Олай дейтін себебіміз, жақында редакциямызға Кіші Айдархан елді мекенінің тұрғындары хабарласып, ауыл халқы ауыз судан тарығып отырғандарын айтты. Өткен апта қызметтік көлікпен Кіші Айдарханға барып, тұрғындармен жүздестік. Ауыл тұрғындарының айтары көп екен. Көршілес ауданның құрамына кіретін Қарасу ауылына өзіміздің Жаңажол ауылынан су тартылып жатыр.

FFDB5824-8639-4AC8-84DF-17972FC4239D

«Қарасу халқы ауыз су алғанда, бізге неге берілмейді?» деп базынасын жеткізді ауыл азаматтары.

- Кіші Айдархан елді мекенінің ауылы судан тарығып отыр. Ауыз су жоқ, тұрғындарға қиын. Малға да ішетін су қат болып тұр. Қарасу ауылына су келді, бізге де су тартып беруін сұраймыз. Арамыз 2 шақырымға жетпейтін жер. Жоғарыдағы биліктің тетігін ұстап отырған жандар ауыз су тартуға жұмыстанса екен, - дейді ауыл тұрғыны Мерген Хайырлиев.

63E73766-0C14-4F7C-9618-E25D36945DA2

Келе жатып Жаңажол ауылынан Қарасуға тартылған құбырды және су мұнарасын көрдік. Сандық фотоаппаратымызға таңбалап алдық. Қос ауылдың арасы жақын. «Кіші Айдарханға да бұрып, тарта салса болады ғой» деген ойға амалсыз берілесің.

- Біздің Кіші Айдархан керемет елдіимекен. Ақсап тұрған жері – су мен шөп. Судың жайын аудан әкімі біледі. Осы жасымызға дейін тартылмаған Қараөзен кеуіп қалғасын қиындау болып тұр. Қазіргі кезде ауыз суды тасымалдап ішеміз. Құдығы барлар соған құйдырады, құдығы жоқтар түрлі құтылармен тасиды. Бұрынғы заман келмеске кетті ғой. Қазіргі заманда жақсы өмір сүру керек. Ауыл тұрғындары басқалай басшыларды мазалап жатқан жоқ. Малын өсіріп, өз тірлігін өзі көріп жатыр. Ақша сұрап жатқан жоқ бұрынғыдай. Керемет ұйып отырған ел осындай жағдайлардың кесірінен қожырайды. Дәл уақытында көмектессе, халықтың жағдайын туғызса, үлкен сауап қой. Президентімізден бастап халықтың жағдайын жасаңдар деп жатыр емес пе? - дейді Сағындық Құспанов есімді ағамыз өкпе-назын ақтарып.

7F12042E-536F-48AF-9819-2652F3EE1AA8

4 жылдық мектебі, өз алдына медпункті бар, 30-дан астам үйі бар ауылға ауыз су тартылса, нұр үстіне нұр болар еді. Тұрғындармен әңгімелескенімізде көп адамның су болмағасын көшіп кеткенін білдік. Ауыз суды тартпаса тағы қанша адамның көшерін тап басып айта алмаймыз. Айына бір водовоз су тек ішуге ғана жетеді екен. Оны құйдыру 11 мың 800 теңге тұрады. Тұрмыстық қажеттіліктерге тағы 1 водовоз су кететін көрінеді. Сонда бір айда тек қана суға 24 мың теңгедей ақша керек екен. Мұндай ақшаға су сатып алу қарапайым тұрғындарға оңайға соқпайды. Шағын ауылдың үлкен мәселесі де осы. Мектеп жанына жиналған тұрғындардың ішінде әжелеріміз де бар болатын. Ол кісілерде судың зарын естір құлақ болса, жетер жеріне жеткізіп тұрып айтты.

- Былтыр жобасын сызып алып кеткен болатын. Су келеді деп мәз-мейрам боп жүргенде қуанышымыз су сепкендей басылды. Әзірге тартылмайды екен. Айбын деген жолдасым суды велосипедпен Арай деген жерден тасиды. Қыста мұзды ерітіп, қарды қайнатып ішеміз. Су жағынан ешқандай көмек болмай жатыр. Жаңақалаға барсақ, көлікке су құятын ыдыстарымызды алып шығамыз. Жақындарымыздың үйінен 5 литрлеп құйып алып, өзімізбен бірге алып келеміз, - дейді Ғайнижамал Қажығалиева есімді тұрғын. Айтқандары көзімнің алдынан кино лентадай зырғып өтті. Елестетіп отырып, ауыл халқына жаным ашыды.

F517741F-4C9B-4FD5-933A-D938C044A2C6

«Мемлекеттің басты байлығы - адам. Cебебі мемлекеттің негізін құрайтын - сол елдің халқы» деген жаттанды сөйлемдерді мінбелерден, теледидардан жиі естиміз. Ал ауыз суға мұқтаж елді мекендер әлі бар. Сонда жаңағы сөздердің бәрі тек құр пафос үшін ғана айтылғаны ма?

   «Бәленбай жылдан бері Кіші Айдарханда тұрамын. Ал біздерге су керек!» деген зілді дауысты естігенде селк ете қалдым.

- Суды қайдан аламыз? Оны ойлап жатқан жандар аз. Бастарын қатырғылары келмейді. Тез арада су тартуларын талап етемін. Өтініп, сұрап болдық қарағым. Өзен де тартылып жатыр. Малға да оңай емес. Малымызды пұлдап, бала-шағаның қамы үшін отырмыз ғой осы жерде. Су болмаса адамның күйі кетеді. Ойбай-ай, қор болдық қой, - деді Мәрия Мұқанова есімді егде жастағы әйел адам ашынып. Оның сөзі жүрегімді қозғап, жон арқамды қарып, тұла бойымды мұздатып жіберді. Ауыл тұрғындары сумен қатар «малымызға жайылым жоқ» дегенді қоса айтты. Кіші Айдархан ауылының жан-жағын жеке шаруашылық қожалықтары қоршап жатыр.

F88089BC-5BE3-4B4A-9925-39AE7B82182E

«Малымыз жерлеріне кірсе қуып, кейде қамап қояды» дейді бір топ ауыл азаматтары. Күйіп тұрған қос мәселені баспасөз бетінде көтеремін деп шештім. «Естіген құлақта жазық жоқ» дейді атам қазақ. Естігендерім есімді шығарып, асай-мүсейімді арқалап аудан әкімдігінің ғимаратына бардым. Ішіне еніп, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі бөлімін тауып алып, басшысымен жолықтым. Халықтың айтқандарын қаз-қалпында баяндап, сұрақтарымды қойдым. Бөлім басшысы Жанғали Есқалиұлы төмендегіше жауап берді:

«Кіші Айдархан ауылына су тарту үшін былтыр жұмыстар басталды. Қарап отырмын келісімшарт былтыр басталған. Жұмысты бастау үшін ауыл халқының ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Ең бірінші кезекте үлкен ауылдарға тартып бастадық. 2018 жылы Жаңақазан, Жаңажол, Көпжасар, Жаңақала, Бірлік, Пятимар сынды ауылдарға су тарту жұмыстарын толықтай бітірдік. 2019 жылы тұрғындар саны 200-ден асатын елді мекендерге су тарту мәселесін қарастырыңдар деді. Қарап отырсақ, Кіші Айдарханда 187 адам бар. Бірақ біз жобаны бастап кеттік. «Қазэкология-жобалау» деген мекемемен 2019 жылдың 24-ші шілдесінде келісімшартқа отырдық. Конкурс бойынша тендер ойнатылды. Ол екі айдай жүреді. Жыл аяғына дейін жұмыстарды бітіріп қойдық. Жылдың басында мемлекеттік сараптамаға бердік. Маусым айының 24-ші жұлдызында сараптаманың қорытындысы қолымызға тиді. Облыстық құрылыс басқармасына хабарласқанымызда өзіміз хабарлаймыз, құжаттарыңызды алып келесіздер деді. Құжаттарын өзім 23-ші шілде күні аяқтай барып тапсырдым. Ол бюджеттік өтінімді құрылыс басқармасына тапсырамыз, олар одан әрі Астанадағы құрылыс істері жөніндегі комитетке апарып тапсырады. Кіші Айдарханға арнап жасалған ауыз су жобасының құны – 413 миллион 497 мың теңгені құрайды. Себебі біз суды Мәстексайдың тұсынан алайын деп отырмыз. Сол тиімді. Ауыл тұрғындарының айтып отырған «Неге мына жерден бастап тартпайды» деген сұраққа келетін болсақ, біз жұмысты 1 жыл бұрын бастап кеттік. Біздер үлкен трассадан аламыз. Себебі судың қысымы жақсы болу керек. Қарасу немесе Жаңажолдан тартатын болсақ, судың қысымы әлсіз болады. Ауылға арналған жобаны түгел өткізіп қойдық. Қажетті құжаттарды тиісті жеріне тапсырдық. Енді тек қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз. Қаражат бөлінсе, Кіші Айдарханға ауыз су тартылады».

Одан әрі тұрғындардың жанайқайын жеткізейін деп аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлының есігін қақтым. Амандық-саулықтан соң бірден ауыл тұрғындарының назын айттым.

- Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Мән-жайдың бәрін білеміз. Биыл жобаны жасап шықтық. Облысқа, республикаға бюджеттік өтінімді бердік. 2021 жылдың жоспарында тұр. Облыс әкімдігі де бұл жайдан хабардар, - деді аудан әкімінің орынбасары А.Жомартұлы. Ауыл тұрғындарының ауыз суға жұмсайтын ақшасы тым көп, су тарифі қымбат екендігін тілге тиек еттім. Асқар Жомартұлы былай деп жауап берді:

«Ол мәселені біздер қарастырайық, есептейік. Суды Жаңақаладан тасып отырса, қымбатқа шығады. Жаңажолдың бағасын комхоздың басшысымен тағы да бір есептеп алайық. Дұрыс мәселе».

Асқар мырза тағы қандай мәселе бар екендігін сұрады. Кіші Айдархан ауылының тұрғындары малдарына жайылатын жердің жоқтығын, жайылымның тар екенін мәлімдедім.

- Кіші Айдархан адамдарының мал жаюға жайылым жетпейді дегендерін бірінші рет естіп отырмын. Осыған дейін бұл мәселені олар көтерген жоқ. Ауыз суды көтерді, оны білеміз. Айналасын картадан қарайық, - деп орнынан тұрды аудан әкімінің орынбасары. Кішкентай елді мекендегі үлкен мәселені білмегеніне мен де таң қалдым. Мал жайылатын жердің тапшылығын аудан басшылығына айтпаған Жаңажол ауылдық округінің әкіміне де кабинетінен шығып, ел-жұртпен етене араласып жұмыс істеу керек сияқты. Халықтың жайын білмесе, кемшілікті түзетуге әрекет жасамаса, ешқандай іс өнбейді. Асқар мырза жер бөлімінің басшысына телефон шалып, Жаңажол ауылының картасын алып келуді тапсырды. Арада бірнеше минут өткесін жер бөлімінің басшысы карта құшақтап, кабинетке кірді. Менің айтқандарымды жер бөлімінің басшысына айтып, картаны қарады. Үшеуміз картаға үңіліп, бірге қарадық. Жан-жағын шаруа қожалықтары қоршап жатқан Кіші Айдархан ауылының тұрғындары айтса айтқандай екен. Жекенің малына жайылатын жер кішкентай. Картадан тайға таңба басқандай көрініп тұр. Оны да қолымдағы фотоаппаратқа шырт етіп түсіріп алдым. «Шаруа қожалықтарының жер көлемі қанша?», «Ауыл тұрғындарына арналған жайылым көлемі қанша?» деген сұрақтарға жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Ахметұлы жауап бере алмай күмілжіп, жерге қарады. Кіші Айдархан ауылының мал жайылатын жерінің аумағы 3124 гектар екен. Бұны Асқар Жомартұлы қағаздан қарап айтты. Қайталап тағы бір мәрте сұрап алдым. Жайылымның тарлығы өз алдына үлкен мәселе. Ол тақырыпқа алдағы уақытта қайтып ораламыз.

Түйін: «Кемедегінің жаны бір» демекші, бір аспанның астында, бір ауданның аумағында ғұмыр кешіп отырғасын барлық тұрғынның жағдайы жақсы болса екен дейміз. Сол себепті қолымызға қалам алып, ауыл тұрғындарының өкпе-назын һәм мұң-наласын, шер-шеменін жеткізуге тырыстық. Қазақылығымыздан ажырамау үшін Үкімет ауылдың жағдайын жасап, барлық мүмкіндікті туғызуы керек. «Ал балам, елдің жағдайын көрдің ғой. Аяқсыз қалмасын. Жаз, жеткіз, бізге көңіл бөлуге ықпалы тисін» деген Сағындық ағаның сөзі мақаланы жазу барысында ойымнан кетпей қойды. Жанымызды салып жазған мақаламызды оқып, жауапты адамдар тезірек сөзден іске көшсе екен...

«Кіші Айдархан ауылына ауыз су тартылды» деген ақжолтай хабарды жазып отырған өзімді ойша елестетіп, аудан әкімшілігі ғимаратынан шығып, аяңдай басып редакцияға бет алдым.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала-Жаңажол-Кіші Айдархан

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале