17.01.2020, 12:55
Оқылды: 84

Көкейкесті мәселелер көтерілді

Ақжайық ауданында тұрғындарға есеп беру кездесуі басталды. Жиын ең алдымен Сарытоғай мен Базаршолан ауылдық округтерінде өтті.

aqjaiyq1 (2)

Жылдың басты жиылысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Тілекқабыл Ғабдушев ауданның барлық жердегі оң беталыстармен қатар назарға алынуға тиісті қам-қарекеттер жайында кеңінен баяндады.

Кәсіпкерліктің өрістеуі, осыған қатысты меже-міндеттер жайында егжей-тегжейлі айтылды. Ауданда тек қазақтың ақбас сиырын өсіретін шаруа қожалықтарының өзі 49-ға жетіп отыр. Сонымен қатар жылқы өсіретін 8, қой өсіретін 5 асыл тұқымды қожалық бар.

Мемлекеттің қолдауына қарап қана қоймай, тайпақтық шаруа қожалықтары №49 көлтабанды жөндеп, бірқатар демеуші Карачы каналының 8 шақырымын тазалауға қаражатпен қолғабыс еткен. Ауданда шағын және орта бизнес саласында тіркеліп, жұмыс істейтін субъектілердің қатары 1 863-ке жетіп, сәйкесінше олардың жерлестеріне ұсынатын қызметтері мен өнімдерінің бәсекелестігі тоқтаусыз артуда. Бизнес өкілдерінің қатары мемлекеттік «Бастау-бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары, «Еңбек» бағдарламасының арқасында көбейе түсті. Айталық, 29 адам несие, 98 тұрғын мемлекеттік грантты иеленді.

aqjaiyq1 (1)

Т.Габдушев Үкімет тарапынан көмек-қолдаудың мүмкіндігін барлық жерде қапы жібермеу үшін жіті жұмыстану қажеттігін қадап айтты.

Сарытоғайда 5 иелік қарамағындағы техникасын лизинг арқылы жаңартқан. Қожалықтар 44 бас абердин-ангус қашарын, 3 бас асыл тұқымды қошқар сатып алды. Ал Базаршоланда 24 шаруа қожалығы болса, оның 6-ауы малды асылдандыру жұмысымен айналысуда. Ауыл түлектерінің де туған мекенін абаттандыруға қосқан үлесі зор. Олар округ орталығына жазғы сахна, ауылға кірберіске таным белгісін және Ғ.Махабетов атындағы мектептің ауласына «Алтын ұя мектебім» тақтасын орнатты.

 Осындай тірлікке тұрғындардың ризашылығы зор. Дегенмен жиылыста ауыл тұрғындары ауылішілік жолдарды жөндеу, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, елді мекендерде жастарды тұрақтандыру, қызметтік баспана турасында ұсыныстарын ортаға салды.

Әлия Шарапиева

cуреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале