12.03.2018, 11:36
Оқылды: 33

Көктемгі су тасқынына дайындық пысықталды

Сенбі күні облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев және «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының басшысы Нұржан Шияб  Зеленов ауданында болып, көктемгі су тасқынына дайындық жайын пысықтады.

Аса маңызды мәселені пысықтай келген сала басшыларына аудан әкімі Асхат Шахаров қалыптасқан жағдай туралы баяндап, қауіпті саналатын аймақтарға бастап барды.

Алдымен, Зеленое ауылы тұсындағы Деркөл өзені арқылы өтетін көпір маңын қадағалаған олар сең жүрген кезде мұз кептелісін болдырмау шараларын ақылдасты. Деркөл өзенінің нақ осы тұсы күн күрт жылынып мұз еріген жағдайда Тасқала ауданы аумағынан келген мол суды өткізіп үлгере алмай, қалтарысқа кептелген сеңнің салдарынан өзен деңгейі көтеріліп тұрғындарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Алдын алудың жалғыз жолы өзен мұзын кесу арқылы ыдырату ғана. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жасалған тапсырыстың нәтижесінде 15-16 наурыз күндері бұл аймақта мұз кесу шаралары жүргізілмек.

Сала басшылары өткен жылы Переметный ауылы тұсынан Деркөл өзені суын ұстауға арналған гидротехникалық нысанның да жағдайына қанықты. Бірнеше жыл бойы көктемгі тасқын су шәйіп, әбден кеңейіп кеткен өзен арнасы бекітіліп, белгілі деңгейде өзен суын сақтап қалу шаралары түбегейлі шешілген еді. Жаңа нысанның қарымы биылғы көктемде алғаш рет сыналмақ. Арындап келген өзен суын жеткілікті деңгейде сақтап қала алса, ел үмітінің ақталғаны.

Аудан әкімдігінің азаматтық қорғаныс жөніндегі бас инспекторы Ж.Мұханбетжановтың айтуынша, Жайық, Деркөл, Шаған, Емболатов, Рубежка, Быков өзендері маңында орналасқан 26 елді мекен қауіпті аймаққа енгізілген. Аталмыш ауылдарда барлығы 960-тан астам тұрғын бар.

Ағымдағы жылдың 15 ақпанында аудан бойынша төтенше жағдайдың алдын алу және тұрғындарды ескерту шараларының жоспары бекітіліп, арнайы резервтен 3 016 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар, 5 мың дана қап, 5 тонна дизелді отын, 3 тонна бензин, 300 тонна қиыршық құм дайындалған. Алда-жалда қауіп төнген аймақта қолдану мақсатында 22 мотосорғы, 21 жүзу құрылғылары, 15 генератор мен 11 жылту пеші дайын. Одан бөлек, азаматтық қорғаныс қызметінен шұғыл әрекет ету мақсатында 105 адам, 45 бірлік техника сақадай-сай тұр. Бетін әрмен қылсын, жағдай тіптен ушығар болса, негізгі күшке 17 сусорғы, 87 инженерлік, 48 эвакуациялық, 30 қосалқы, барлығы 182 техника жұмылдырылып, қосымша 377 адам күші қолданылмақ.

Әр ауылдық округте тасқынға қарсы жасақ құрылып, жауапты тұлғалар бекітілген. Тұрғындарды эвакуациалау мақсатында 46 мектеп, 33 ауыл клубымен келісім шарт жасақталған. Сондай-ақ төтенше жағдай орын алған кезде 16 кәсіпкер ыстық тамақпен қамтуға, 47 кәсіп иесі азық-түлік бөлуге, 2 кәсіпкер ас-ауқат тасымалы үшін техника беруге уағдаласқан.

Кез келген жағдайда облыстан көмек күші жұмылдырылатынын айтқан сала басшылары ауа-райының құбылуын ұдайы назарға алып, сақтық шараларын бәсеңдетпей, әбжіл қимылдау қажеттігін қаперледі.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале