31.07.2018, 9:59
Оқылды: 23

БҚО-да көлік апатында 7 адам қаза болды

30 түнгі сағат 03:00 шамасында Самара – Шымкент тас жолының 318 шақырымында аса ірі жол көлік апаты орын алды. Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылының тұсында соқтығысқан ВАЗ Lada PRIORA және ВАЗ 2114 маркалы автокөліктері бірден отқа оранып, ішіндегі жолаушылар жанып кеткен.

Қазір марқұмдардың саны 7-еу екені белгілі болды. Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің Сырым ауданы әкімдігіне берген ресми мәліметі бұл ақпаратты растап отыр. Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Серікбол Тәжібаевтың айтуынша, көлікте болған азаматтардың дені Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғындары екен. ВАЗ 2114 маркалы автокөлігінде болған екі азамат Аралтөбе ауылының тұрғыны болып шықты. Марқұмдардың ішінде ерлі-зайыптылар бар көрінеді.

Көліктердің қалай соқтығысқаны, оттың не себептен шыққанын туралы білу үшін Сырым аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Сұлтан Шалдарбековке жолыққанбыз. Бөлім бастығының орынбасары тергеу амалдарының жүріп жатуына байланысты қандай бір ақпарат бере алмайтынын айтты.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале