12.01.2021, 10:09
Оқылды: 131

Көлік жолы өлім жолына айналды ма – 2?

Осыдан екі-үш жыл бұрын «Сырым елі» газетінде дәрігер-хирург Қасым Бисенғалиевтің «Көлік жолы өлім жолына айналды ма?» атты мақаласы жарияланды. Дәрігер материалында Самара – Шымкент тас жолының бойында көлік апаты жиілегенін, өкініштісі адам өлімі көбейгенін айтып, елді жол ережелерін сақтап, абай болуға шақырады. Мақаланың тақырыбы қалай дәл қойылған? Шынымен де, көлік жолы өлім жолына айналғандай. Жуырда ғана айналдырған 3 күннің ішінде осы трассаның бойында 2 көлік апаты орын алып, 4 адамның өмірі қиылды.

Көлік1

Бірінші жол – көлік оқиғасы өткен жылдың желтоқсан айының 28-і күні сағат 16:00 шамасында Самара – Шымкент тас жолының 370 шақырымында болған. Сырым аудандық полиция бөлімінің Facebook  желісіндегі ресми парақшасындағы мәліметке сүйенсек, Шымкент қаласының 1997 жылы туған А. есімді тұрғыны «ВАЗ - 21440» маркасы автокөлігімен Жымпиты ауылынан Орал қаласына қарай бағыт алып бара жатып, көліктің басқару жүйесіне ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Қас қылғанда, қарсы алдынан Ақтөбеге қарай ағып бара жатқан «LEXUS RX - 300» маркалы автокөлік атып шыққан. Екеуі оңбай соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ - 211440» автокөлігінің жүргізушісі мен оның қасындағы жолаушы оқиға орынында қайтыс болыпты.

Бұл оқиғаға қатысты Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Әлімбекеровтың пікірін білдік.

- Әлі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Нақты қорытынды содан кейін белгілі болады. Бірақ, бұл жерде бізге сабақ болатын екі нәрсе бар. Біріншіден, жүргізуші көлігіне ие болуы керек. Көлікті жүргізу оңай, бірақ қараңғы және жарық уақыттарда, ауа райы әр түрлі кезде басқаруға сауаттылық, білік керек. Басып озамын деп, оңды-солды жолақ ауыстыра беруге болмайды. Екіншіден, қысқы уақытта жол жүргенде өте абай болу керек. Өткен жылдың 27-ші желтоқсаны күні түнімен боран болды, трассаның үстін қар басты. Тайғақ екені анық қой. Әдетте, жауын-шашыннан соң жол үстінде қар ұстайтын көпірлер тазартылып, бұрылыстарға құм себілуі керек. Осының алдында, «Қазавтожол» мекемесінің жауапты тұлғаларына ауызша ескерткен едік. Жол-көлік оқиғасына тікелей қатысы болмағанмен, болашақта ықтималдылығын ескеріп, кешегі көлік апатынан кейін Жымпитыдағы №39 жол пайдалану мекемесіне жұмыстарына немқұрайлы қарап, күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін хаттама толтырдық. Жергілікті атқарушы органға жолды күтіп ұстау жұмыстарын қадағалау туралы хат жолдадық. - дейді подполковник мырза.

Полиция бастығының сөзін әріптесі, аудандық əкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Бақытжан Қазақстанов нақтылай түсті.

- Азаматтар жолға шығарда ауа райымен санаса бермейді. Жол жүру ережесінің 10.1 пунктінде «Жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге Қағидаларадың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік береді. Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады»  - деп жазылған. Осы жерде айтылған метеорологиялық жағдайларды ескермеудің соңы өмірмен қоштасуға дейін жеткізеді. - дейді Бақытжан Қазақстанов.

Екі адамның өмірін жалмаған екінші оқиға өткен жылдың 31 желтоқсаны күні кешкі сағат 19:00-де болған. Жымпиты мен Бұланның ортасындағы Самара – Шымкент тас жолының 385 шақырымында «ВАЗ - 2112» маркалы көлігі мен Lada Kalina автокөлігі түйіскен. Көліктің бірі біздің ауданның тұрғынына тиесілі болса, екіншісінің иесі көршілес Сайқұдық ауылынан екен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көліктің алдында отырған жолаушылары қаза болған. Көліктерде болған қалған 4 адам дене жарақаттарын алып, аурухана төсегіне таңылған. Екеуі ауыр халде көрінеді.

- Полиция тұрғындарға ауа райы қолайсыз кездерде, сосын түнгі уақытта жолға шықпауды, өздерінің және жақындарының амандығын сақтауды сұрайды. Өкінішке орай, жалтыраған қыстың мұзында жазғы дөңгелекпен жүргендер бар. Бұл енді – тағдырмен ойнау ғой. Жалпы, карантин кезінде аса бір маңызды шаруа болмаса, ерсілі-қарсылы жүруді доғарып, мүмкіндігінше үйде болған дұрыс, - дейді полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Әлімбекеров сөзін толықтырып.

Көліктер тек көлікке соқтығып жатқан жоқ. Бағымсыз жүрген малдар да соңы ажалмен аяқталатын жол апаттарына себеп болуда. Біз бұл тақырыпты біраз қозғадық. Айтудан шаршамаймыз. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, 2020 жылы малын бақпай, бетімен жіберген 120 адамға айыппұл салынған. Біздің газеттің «Иең қайда, қара сиыр?» деп жар салатыны сол уақыт.

Тағы бір өкінішті деректі айтайық па? Былтыр 19 жол-көлік оқиғасы бағымсыз босып, жол жағалап жүрген малдарға соқтығысу салдарынан орын алған. Малдардың иелері малынан айырылып бір шығынға батса, көлік иелеріне келтірілген залалды өтеймін деп тағы шығынға батып жатыр. Соның алдын алуға болатын еді ғой.

Бағымсыз мал бір жақта көлікпен түйісіп жатса, бір жағынан ұрланып жатыр. 2019 жылы Сырым ауданында 45 мал ұрлығы, ал 2020 жылы 26 факт тіркелген. Оның 16-сы ашылған. Кейбіреуін ешкім ұрламаған, жайылыман ұзап, жоғалған. Мал іздеп, оны иесіне қайтарамын деп сырымдық полицейлер жартылай бақташы болып кетуге шақ қалған.

Иесі бақпайтын малды айып тұрақтарына қамау туралы аз айтылып жүрген жоқ. Кімнің малын «тәрбиелеп», кіммен жаманатты болып жүресің? Көше кезіп, көгал таптады ма не жол жағалап, көлік жүрісіне кедергі келтірді ме, айдап апарып қамау керек. Иесі айыбын әрі малына кеткен ас-судың шығынын төлеп, «босатып» алады. Ақжайық ауданында бұл шаруа сенімгерлік басқару арқылы жүзеге асырылып жатыр екен. Осы тәжірибені Сырым ауданына да енгізетін уақыт келді.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале