30.11.2017, 15:17
Оқылды: 64

«Қолөнер шеберлері ақсайлықтарға шеберлік сабақтарын өткізетін болады»

Ақсай қаласында «Рухани жаңғыру» жобасы аясында «Керуен» атты қолөнер жәрмеңкесі өтуде.

Көрмеге Астана, Түркістан қалаларының кәсіпорындары дайындаған өнімдер мен аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың туындылары қойылған.

Мәселен, Астаналық «Хан мұра» компаниясының өкілі Еркат  Жарқынов көрмеге таза былғарыдан жасалған белбеулер, сөмкелер мен әмияндар қойған. Кестелі сөмкелер мен киізден жасалған аяқ киімде көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Көксеген» ЖК басшысы Бота Көксегенқызы болса түйенің, қойдың, қодастың жүнінен тоқылған шұлықтар, шәлі мен кеудешелерді саттыққа шығарды. Экологиялық таза өнім деп саналатын өнімге жұрттың сұранысы жоғары екен. Кәсіпкер тауарларды Монғолия елінен алдырады. Ол қазақстандықтардың химиялық қоспасы көп қытай тауарларынан бас тартып, табиғи таза өнімге бет бұрғандығын айтады.

Жәрмеңкеге жиналған қыз-келіншектер Түркістан қаласынан келген әшекей бұйымдар қойылған көрменің қасынан табылды. Көрсе көз қызығарлық тауарлар арасында сақина мен сырғадан бөлек сувенирлік бұйымдар да бар. Сонымен қатар көрмеде отандық кәсіпорындар шығарған жастық пен көрпелер, ерлерге арналған киімдер қойылды.

Ұйымдастырушылар көпшіліктің сұрауы бойынша жазда келуді жоспарлап отыр. Онда қолөнер шеберлері ақсайлықтарға шеберлік сабақтарын өткізетін болады. Жәрмеңке Ақсай қаласында желтоқсан айының үшіне дейін жалғасатын болады.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

IMG_8098 IMG_8099

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале