11.08.2020, 17:03
Оқылды: 67

Қолтаңбасы айқын құрылысшы

Ауылдың гүлденіп, көркеюіне өзіндік үлес қосып келе жатқан Ахмет Сұпығалиевті білмейтін жан кемде-кем. Казталов ауданы орталығында бой көтерген құрылыс нысандарының барлығында дерлік ол кісінің қолтаңбасы бар.

AA8A4D44-49A7-4929-A155-D4D66C2E81AE

Ахмет Теменұлы 1955 жылы «Ақкөл» кеңшарында дүниеге келіп, 1963-1973 жылдары Карл Маркс орта мектебін бітірген. Алғашқы еңбек жолын Жаңажол ауылында механизаторлықтан бастап, кейін 1978-1981 жылдары Орал құрылыс техникумында «құрылысшы техник» мамандығын игерген.

1981-1985 жылдары аралығында Казталов ауылында «Жайыксельстройдың» қарауындағы №11 ПМК-нің бөлім басшысы, 1985-1986 жылдары бас инженер, 1986-1996 жылдары прораб, 1996-2002 жылдары №11 ПМК-нің бастығы қызметін атқарған. Осылайша ауданымыздағы көптеген ірі құрылыс нысандарында өз қолтаңбасын қалдырған. Ал 2005 жылы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болса, «Казталов сервис модернизация» мекемесі директоры қызметін де абыроймен атқарған.

-Құрылысшы болуды бала кезден армандадым. Бұл – өте күрделі сала. Ауқымды жұмыстарды қолға алғаннан кейін оны уақтылы әрі мерзімінде пайдалануға беру қажет. Әсіресе көпқабатты мектеп, аурухана құрылыстары өте ыждағаттылықты және жауапкершілікті талап етеді. Сондай-ақ бұл мамандықтың өзіме ерекше ұнайтыны  артыңда бір із қалады. Кезінде бірге әріптес болған Ғаббас Хасанов, Ғалел Нұрмахов, Ермек Сыдықов, Мақсот Малаев, Нұрлан Айдынғалиев, Біржан Жәрдемалиев және есепші Мирлан Құсайынов, Сапиолла Ислямов, Мұлқайдар Малаев және тағы басқа жолдастарымды есімнен шығарған емеспін, бәрі де ыстық. Құрылыс саласына арнаған 38 жыл ғұмырымның 15 жылын осы жандармен бірге өткізген екенмін, – деп Ахмет аға ағынан жарылды.

  Бүгінде зейнеткер Ахмет Сұпығалиев «Есей» шаруа қожалығының жетекшісі, жұбайы Рамиля екеуі ұл мен қыз тәрбиелеген бақытты отбасы, жиендерінің сүйікті ата-әжесі.

Иә, еңбегімен елге танылған, игі істерімен көп құрметіне бөленген ардақты азаматқа тек бақытты ғұмыр тілейміз.

Әсем Болат

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале