14.09.2018, 11:32
Оқылды: 49

«Комбайнның рөлін ұстап қалатын ізбасарлар жоқ...»

Сырым ауданының Талдыбұлақ ауылдық округіне қарай сапарлап қайттық. Биыл округ бойынша 8 шаруа қожалығы егін салыпты. Округтің әкімі Жанболат Мұхамбетжановтың айтуынша, егілген 3420 га бидай, 175 га арпа, 30 га тары және 508 га екпешөптен алынатын өнімнің шамасы қазір белгілі болып қалыпты. Ал округтегі 10 шаруа қожалық қысқы мал азығын дайындауға бар күшін салып жатыр.

DSC_0178

Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылының арғы жағында «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабы бар.

Қали Әжіғалиев жетекшілік ететін «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - Сырым ауданындағы егін шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі. Серіктестіктің құрылғанына биыл 15 жыл толады. Егінге епті серіктестік дәстүрлі жазғы далалық жұмыстың науқанын мейрам күткендей күтеді десек артық айтпаған боламыз. Қазір «Тінәлінің» басында еңбек мейрамының жалауы желбіреп тұр. Жұмыстар жоспармен жүріп жатыр. Қырманның басында жылжымалы жатақхана, асхана, тіпті моншаға дейін бар.

Серіктестіктің агрономы Қуантай Оразғалиевтың айтуынша, биыл «Тінәлі» 1600 га жерге жаздық бидай егіпті. Ору жұмыстары апта бұрын ғана басталған. Алқапта «Джон ДИРР» маркалы 2 комбайн және «Вектор» маркалы 2 комбайн жүр. Күніне 150 га алқап орылуда. Дайындалған астықтың қырманның басынан тікелей Орал қаласына жөнелтіліп жатқанын көрдік. Әлсін-әлсін комбайнның тұмсығының астына арқасын тосып жүрген 4 бірдей КАМАЗ тасымалдау жұмыстарына үлгеріп тұр.

Бидайдан бөлек, күнбағыс алқабы да бар. Майлы дақылдың көлемі 800 гектарды құрайды. Күнбағысты ору суық түскесін, қазанның аяғы, қарашаның басына таман басталмақ.

Сұхбаттасудың сәті келгенде серіктестіктің агрономынан бидайдың шығымы туралы сұрадық. Берген жауабында, егістіктер шабындықтардың тағдырын қайталағанын, биыл егіннің шығымы төмен екенін айтты. Мәселен, «Тінәлі» серіктестігіндегі алқап гектарына 5 центнер бидайдан өнім беруде.

Айта кетейік, серіктестік өзінің өнімінен 250 тонна астықты келесі жылға тұқым үшін сақтап қоймақ.

Қазақстан ауылының тұрғындары Ғарифолла Тастеміров пен Нұрлыбек Айтқұлов 1980 жылдардан бері осы егістің басында екен. Кезінде Қызыл ту ұжымшарының (қазіргі Алғабас ауылдық округі) «Тұлпар» бригадасында алдыңғы қатарлы еңбеккерлері болған бұл кісілердің далаға деген махаббаты әлі күнге әлсіреп көрмеген. Майталман механизаторлар үш-төрт жыл турасында іссапармен Қостанай, тіпті көршілес Самара қалаларында болыпты. Әңгімелерінен түсінгенім, олар комбайнның рөлін ұстап қалатын ізбасарлардың жоқ екеніне, жалпы механизаторлар буынының үзіліп бара жатқанына алаңдаулы.

- Егін шаруашылығы – жұмыс қана емес, ол ең әуелі мектеп қой. Бәріміз де сол мектептен өттік. Алдымыздағы аға буын механизаторлардың тәрбиесі, ақылы біз үшін алтыннан да қадірлі. Сол мектеп үзіліп бара жатыр.  Себебі көп жастар маңдай терді сыпырып еңбек еткеннен гөрі, бір жердің күзетшісі болып, үш күн ұйықтап, бір күн жұмыс жасағанды жақсы көреді. Біздер даладағы еңбек думаны тоқтамаса екен тілектеміз, - деді комбайншылар.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Қазақстан ауылы

Сырым ауданы

DSC_0090 DSC_0130 DSC_0188

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале