28.04.2018, 16:40
Оқылды: 29

Қонаев ұшқан ұшақ ақбөкендерді қорғауға қызмет етуде

Мына суреттегі «АН-2» ұшағының біздер үшін тарихы бар екенін айтқым келіп отыр. 25 сәуір күні осы ұшақпен  «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлерімен бірге біздің өңірдегі даланың ерке жануары – ақбөкендердің санағын алуға бірге көкке көтерілдік.

Аспаннан төмен қарағанда туған жердің табиғаты өте сұлу болып көрінеді екен. Ал көк майсаға оранған далада ақбөкендердің жосылып шауып бара жатқаны қандай әдемі десеңізші?! Біздерді бастап келе жатқан жетекшіміз  «Охотзоопром» мекемесінің Батыс өңірі бойынша филиалының басшысы Дархан Саматов: -Қарындасым, сіз өміріңізде есте қалатын сәтті бастан кешіріп келе жатырсыз. Мына ұшып келе жатқан ұшағымыз кезінде халқымыздың ардақтысы, ұлы атамыз Дінмұхамед Қонаев пайдаланған ұшақ, -деді.

Бұл жаңалық мені елең еткізді. Дархан ағадан тарқатып сұрап едім, оның айтқаны, -Бұл ұшақ 1964 жылы пайдалануға берілген. Сол кезде республиканы басқарып отырған Қонаев атамыз өзінің қызметтік бабына (шамасы республиканың алыс емес ішкі сапарларына) пайдаланған болар. Ұшақ үкіметтік қызмет құзырында (правительственный) болған. Уақыт өте келе бұл ұшақ «Фауна эйр» әуе компаниясының құзырына өтіпті. Бұдан кейін республикалық «Охотзоопром» ӨБ» МҚК-не берілді. Енді осы ұшақ даламыздың киелі жануары ақбөкендерді қаскөйлерден қорғауға қызмет жасауда, -деді.

Ойға қалдым. Димаш Қонаев атамыз өзінің саналы ғұмырында ел мүддесі үшін қызмет жасады. Биік қызметте жүріп адалдықтың, қарапайымдылықтың, ұлтын құлай сүйген нағыз ердің үлгісін көрсетті. Оның жолы - мәңгілік елдің бүгінгі ұрпақтары үшін өнеге. Ал ұлы адамға қызмет жасаған көліктің бүгінгі күнде елге, соның ішінде сар даламен ажырағысыз ақбөкенді қорғауға қызмет етуінде де бір байланыс жатқан сияқты.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Батыс Қазақстан облысы

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале