3.12.2019, 19:44
Оқылды: 87

Қоңыраудан неге қашамыз?

Ұялы телефон... Иә, бүгінде өмірімізді мобильді байланыссыз елестете алмаймыз. Бір күн телефонсыз жүрсек, құдды бір бүкіл  шаруамыз  шешілмей  қалатындай.Өзімізді былай қойғанда тіпті баламыз да телефонға әуес. Жылап жатса да телефон береміз, үйіңе қонақ шақырсаң, өзіңе кедергі жасамас үшін де баланың қолына телефонды ұстата салудан тайынбаймыз-ау, шіркін. Одан қала берді, атамыз бен әжеміздің  құлағында да – телефон. Сүйіншіні де телефонмен сұрап, кей жағдайда қайтқан кісігекөңілді телефонмен айтатын кездер болып жатады. Телефонымыздағы ұнамаған нөмірді «қара тізімге» жібереміз.Ең өкініштісі, осы адамдардың дені – банктің  «қара  тізімінде»  тұрғандар.  «Қарызды қашан қайтарасыз?» деген сауалмен хабарласқан қоңыраудан қашқан қазақ­тардың  қарасы көп...

telefo

Қалай десек те, қарыздың салмағы ауыр, қайтарымы қиын. Ілкіде қазақ қарызға қалай қарады? Қазақта қарыз алысу, берісу бұрыннан болған әдет. Әу баста ауылы аралас, қойы қоралас адамдар мал алысып-берісуді бір-біріне қарыз санамаған. Ал нарық заманынд­а бұл қарыз банктегі несиемен, мемлекетке төлейтін салықпен өлшене бастады. Бұрында  ақшалай қарыз алу аз болған деседі. Бұрынғы қазақтар қазіргі кездегі тауарлық несие сияқты, мал-мүлікпен саудаласып, сонымен есептескен. Қыздың қалың малы да малмен өтелген. Қандай малды қарызға алса, дәл сол жастағы малды  қайтарған. Ал қарыз  беру  ауызша рәсімделіп, антсу ішумен бекітілген.  «Уәде – Құдайдың бір аты» дейтін қазақ берген сертіне тұрған. Егер кешіксе, үстеме ақысына қой мен сиыр, қозылы саулық, бұзаулы сиыр берген екен. Былайша айтқанда бұл қазіргі тілмен «процент» деген ұғымға сай келеді.

Қарыз жағы шариғатта қалай? Бұл туралы аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиевпен тілдесіп көрдік. Ол қарыз алу негізінен мұсылман үшін рұқсат етілген игі іс екендігін, мұсылмандардың бір-бірінен  қарыз сұрауына болатынын мәлім етті.

–Негізінен, садақа бергеннен қарыз бергеннің сауабы артығырақ. Өйткені қарыз сұрап келген адамның мұқтаждығын біле тұра қол ұшын созу сауапты. Сондықтан қарызды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, жақсы істерге беру керек. Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Егер адамның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн»,-деді имам.

Десек те, қазір қаладағы «жалақыға дейінгі берілетін қарыз ақшаның» қасында, ауыл-ауылдың өзінде де «процентке ақша беруді» кәсіп етіп алғандар бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі еңбекке жарамды 8,5 миллион азаматтың 2 миллионға жуығы қарызын қайтара алмай жүргендер екен. Бұл өкінішті жайт. Жалпы, 5 миллионнан астам адамның банкке берешегі бар екен. Демек, несие алушылардың қарасы көп деген сөз. Бұрын несиенің үстеме пайызы жоғары болатын. Сондықт­ан несие алушылардың да қатары сирек еді. Ал қазір банктердің несиелік жүйесі өзгерді. Жеңілдетілген түрлі бағыт бойынша халықтың қызығушы­лығын  тудырып  отыр. Дейтұрғанмен банк бәрібір өз ұпайын арттыруға жұмыс істейтінін қарапайым халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді.

Осы арада несие қандай мақсатта жұмсалады деген сұрақ туындауы заңды. Расында да, ел кепілмен, кепілсіз алған қарызын қайда жұмсайды? Бір басында бірнеше кредиті барлар ше? Олар жан бағу үшін қарыз алды ма? Әлде  қосымша  керек-жарағына  жет­кізе алмай отыр ма? Оның да жауабы дайын. Зерттеулердің нәтижесі бойынша алынған қарыздың 85 пайызы мақсатсыз жұмсалады екен. Дәлірек айтқанда, қымбат көлік, той-думан мен өлім-жітім, қымбат тондарға жаратады. Өзіміз айтқандай «қарызды күлдіріп келтіріп, жылатып қайтарып жүрген» жайымыз бар...

Телефонындағы нөмірлерінің ішінен «Қара тізімге» енген банк нөмірі бар екенін айтқан аудан тұрғыны Н. есімді азаматтан сұқбат алып көрген болатынбыз.

Ол өз сөзінде: – Иә, осыдан алты ай бұрын үйіме керек-жарағымды алуым үшін несие алдым. Қазір ай сайын жиырма бір мың теңге көлемінде несиемді төлеп тұрамын. Бір жаманы, менің несиені төлейтін күнім жалақы алатын күніме сәйкес емес. Яғни, жалақыны айдың аяғында аламын, ал несие уақыты әр айдың 15-і мен 25-і аралығы. Сол себепті ай сайын бір жұмадай кешігіп төлеп отырамын. Бір-екі күн қалғанда банктен «несиеңізді төлеңіз» деген  хабарлама келеді. Бір күн кешіксең әртүрлі нөмірден хабарласады. Сондай сәттерде, шынымды айтсам телефон алмаймын. Бірінші рет хабарласқанда «иә, төлеймін» деймін, ары қарай телефонды көтеріп, ол сөзді қайталай бергеннен не пайда? Қазір біреуден қарызға ақша алып, несиені жаба салатын заман емес. Әркімнің өзінің-ақ жеке өмірі, отбасы, оның да несиесі бар екені анық. Сондықтан кешіксем де, төлеп отырамын ай сайын. Әрине, мұның алдағы уақытта тағы да несие алуыма кедергі келтіретінін жақсы білемін,-деп сөзін аяқтады ол.

Қарызды алуын алады-ау, бірақ алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын, не болатынын білмейді, әрі қарай қарыз алушының аман-есен жүруіне кім кепіл? «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, алда-жалда бірнәрсеге тап болса, оның мойнындағы берешегін кім төлейді? Артында қалған жары ма, зайыбы ма, жоқ әлде өмірдің ащы-тұщысын әлі татып көрмеген ұрпағы ма?..

Тағы бір  аудан тұрғыны С. есімді азаматша өз сөзінде осыдан бір жыл бұрын банктен несие алғандығын айтып өтті. Ол несиесін ай сайын өтеп келген, бірақ тағы да ақшаның қажеттілігіне байланысты сол банктен қайта қаржыландыру (рефинансирование) жасатып, яғни бұрынғы қарызын жауып, үстінде қалған ақшасын өзіне алған. Бірақ, несиенің ай сайынғы сомасы көбейіп, жабу мерзімі де ұзарған. «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» деген мәтелдегідей, несиені алғанда жаныңды жадыратып, көңіліңе қуаныш сезімін ұялататын ғажабын білгенмен мен төлер кездегі азабын ешкім ойламайды-ау. Алатын жалақының жартысынан көбі несиені өтеуге кететіндіктен, кей кезде соңғы несиесін кешіктіріп төлейді екен.

Иә, маған да әртүрлі нөмірлерден хабарласып жатады. Банктен екенін білемін. Біле тұра алмаймын. Алғанда не деймін? Басымдағы проблемамды айтпаймын ғой оларға. Балаларыма тамақ, киім-кешек алдым, сосын төлеймін десем олар келісе ме, тыңдай ма мені? Төлегенше жер-жебіріңе жетіп, өзің телефон көтермесең, айналаңдағы тума-туыстарыңның бәріне хабарласып шығатыны тағы бар. Сосын банктен қала берді, жаныңдағы тума-туыс, дос-жаранға дейін «несиеңді неге төлемей жатырсың, бүгін маған сені сұрап банктен хабарласты» деп олар да ренжиді, – деп мұңын шақты азаматша.

Қоңыраудан қашу дегеннен шығады, қазір қарыздың кесірінен таныс емес нөмірді көтермейтін күйге жеттік.Қайдам, мүмкін, бұл – сіздің өміріңізді жаңа арнаға бұратын жағымды жаңалығы бар қоңырау шығар, мүмкін дәл сол сәтте сіздің көмегіңіз өте жақын адамыңызға керек болған да болар, бәрі де мүмкін...

 Гүлім Асқарқызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале