28.11.2018, 16:30
Оқылды: 129

«Көп адамның ат баптау ісіне батылы бара бермейді»

Ежелден алаш жұрты туралы әңгіме болса, жылқы қатар аталған. Жүйрікті қазақ жанына балаған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын ер қанаты – жылқыны сүйетіндер, атбегілер қауымы да жылы қабылдады.

Мақалада атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны айтылған. Бабаларымыздан бізге қалған жылқыны баптау, атбегілік,  өнерін елімізде бүгінде қайта жаңғырту қолға алынып жатқаны қуанышқа бөлейді. Түрлі мерекелік шараларда бәйгелер ұйымдастырылғанда, даланы дүбірге бөлеген тұлпарлардың шабысынан қаны қызып, делебесі қозған қазақтың жаны жылқы малымен егіз екенін аңғаруға болады.

Құбайлола Биғазиев

Бүгінде көп адамның ат баптау ісіне батылы бара бермейді. Бұл өнер кенжелеп қалды деп те айта алмаймыз. Ең алдымен, ат баптауға үлкен жүрек, тәуекел керек. Күтіп-баптаған сәйгүлік қана топтан озып шыға алады. Бұл үшін құлын кезінен баптау керек. Мысалы, ащы тері алынған соң қанжылым сумен жуындырған абзал.  Жылқы түлігі табиғатынан тұнық су ішіп, шөптің шүйгінін жейді. Сол себепті төре мал тұқымын таза ұстау әр атбегінің күнделікті жұмысына айналуы тиіс. Мысалы, бәйгеге қосқан кейбір аттарымыз өзге өңірлерге барғанда сол жердің шөбін де жемей, суын да ішпей қоятын кез болып тұрады. Осыны ескеріп, өз ауылымыздың шөбін, суын бірге алып жүреміз. Жылқының тектілігінің бір дәлелі осы емес пе?

Қазір бәйге аттарымыз доғарыста тұр. Яғни, қараша айының бас кезінен қаңтар айының ортасына дейін қылқұйрықтардың жілік майын толтырамыз. Арпа, сұлы беріп, күйін сақтауға тырысамыз. Қыстың ортасынан мамыр айына дейін жарату жұмыстары жүреді. Қыс мезгілінде ат тұяғында міндетті түрде таға болуы тиіс. Оны жарамдылығына қарай жиі ауыстырған абзал. Біз бүгінде тағаларды Алматы қаласындағы ветеринариялық дәріханалардан алдыртамыз. Бәрі де бәйге аттарының күтімі үшін керек. Сонда еңбектің нәтижесін көруге болады.

Ат спортына көңіл бөлу кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Әзірге ауданымызда ат бәйгелері ғана жиі өтіп жүр. Басқа да ат спортына көңіл бөлінсе, ол ойындарға ат баптауға әзірміз. Сонымен қатар қымызы мен етін айтпағанда, жылқыға мінудің денсаулыққа пайдасы жайында жиі айтылып жүр. Әсіресе, оқушыларды ат спортына баулу дені сау ұрпақ тәрбиелеудің бірден бір төте жолы. Осы орайда ауыл-ауылда мектеп оқушылары үшін ат спортын жандардырсақ, ұтарымыз көп.

Атқа мінген қазақ кеудесін ешбір жауға бастырмаған ғой. Жүйріктің жалына жармасып, осынау ұланғайыр атырапты қорғап қалған бабалар аманатын адалдық танытудың бір негізі – ат спортын өрістету болмақ.

Құбайдолла БИҒАЗИЕВ,

«Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале