25.05.2018, 17:40
Оқылды: 69

Көпжасарлық түлектер туған жерге тарту жасады

Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінің 1998 жылғы түлектері туған ауылына өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Олар ауыл ажарын аша түсу бағытында Барша көшесінің бойына «ЖАН ЖҮРЕГІМ КӨПЖАСАР» атты макетті жасатып, сыйға тартты. Жүрек белгісі орнатылып, әріптері әсем безендірілген жазу  ауылымызға сән беріп тұрғандай.

«Ауылым, елім, туған жерім!» деген 1998 жылғы түлектер демеушілік жасап, өздерінің туған ауылдарына осындай қолтаңба қалдырғандары көпшіліктің көңілін сүйсінтті.

Бұл күні Көпжасар ауылының халқы қуанышты сәттің куәсі болып, салтанатты түрде лента қию рәсімі өтті.

Шарада алдымен ауылдық округ әкімі Нұрбол Бектілеу құттықтау сөз сөйлеп, туған өлкесіне тамаша сыйды тарту еткен түлектерге зор ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, игілікті іске атсалысқан  түлектерге өз атынан Алғыс хат табыстады. Мұнан кейін аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, еңбек ардагері Сидеғали Қойшығалиев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжан Салауатовтар ізгі тілектерін айтты. Ал, 20 жылдық түлектер атынан сөз алған атымтай жомарт азамат Сәбит Молдамұратов туған жерінің гүлденуіне үлес қосу - әр азаматтың парызы екендігін атап өтіп, «осындай игі бастама жалғасын тауып, жүзеге аса берсін!» деген тілегін жеткізді.

Жиын соңында ауыл тұрғындары естелік суретке түсіп, шат-шадыман болып тарады.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале