17.04.2017, 18:30
Оқылды: 40

«Көрікті ойдан көркемсөз терген» 

Жәнібек ауданында көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденовтің туғанына 95 жыл толуына орай  «Көрікті ойдан көркемсөз терген» атты әдеби альянс оздырылды.

Т.Жароков атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанаргүл Төлегенқызы халық жазушысы хақындағы әңгімені  әріптестері баяндаған естеліктер негізінде өрбітті.

А.Оразбаева атындағы мектебі тарих пәнінің мұғалімі Меңдігүл Ғарифоллақызы Желтоқсан оқиғасы тұсында әділет аңсаған қазақ жастарын әділетсіз қуғын-сүргінге салып қана қоймай, күллі халықты  «ұлтшыл» деп айыптаған адуын, әпербақан орталықтың әміршіл саясатына қарсы алғашқылардың бірі боп барынша батыл үн қатқан қайсар қаламгер Сафуан Шаймерденов екендігіне нақты фактілер келтірді.

1987 жылдың 23 мамырында  ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы  Г.Колбиннің қатысуымен  өткен  Жазушылар Одағының пленумында «Әдебиет  ардың ісі» деген қағидаға ғұмыр бойы адал болған жазушының ештеңеден тайсалмай, «Қорықпай жаннан, қорғанбай, Айбынын бір сәт асырар. Шындықты  айтқан  сормаңдай, Таяқ  жеп барып басылар» дегенді терістеп, ана тілімізді, күллі қазақ халқын қорғап сөйлегендігі ел мүддесі үшін басын қатерге тігудің  жарқын мысалы екендігіне дәлел келтірді.

Оқушылар жазушыға арналған жыр шумақтарын оқыса, Т.Жароков атындағы  мектептің кітапханашысы Мира Ғазезқызы «Қазағымның қарағайы» атты кітап көрмесімен таныстырды.

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале